«Келешек мектептері» мен инновациялық шығармашылық орталықтарының оқушылары Қытайдың Макао қаласында өткен халықаралық робототехника чемпионатында табысты өнер көрсетті, деп жазады Egemen.kz.
FIRST LEGO League Asia Open Championship атты бұл байқау робототехника, ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобалар саласындағы Азиядағы ең ірі алаңға айналды. Әлемнің 30-дан астам елінен келген 500-ден астам команда мен 12 мыңнан астам қатысушы жиналды. Биылғы жарыстың тақырыбы «Су асты әлемін зерттеу».
Ұлттық құрамаға Шымкент, Алматы қалаларынан, сондай-ақ Түркістан және Қызылорда облыстарынан оқушылар енді. Барлығы да ел ішіндегі іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, инженерлік, бағдарламалау бойынша жоғары дайындықтарын дәлелдеді.
Нәтижесінде Leas оқу орталығының тәрбиеленушілері (6–10 жас) және Орал қаласының Оқушылар сарайының «Subsquad» командасы (10–16 жас) қола медальге ие болды. Мұнан кейін жеті мектеп үздіктері төрешілердің арнаулы жүлдесімен марапатталды.
«Бүгінде елімізде 300 мыңнан астам оқушыға арналған жаңа форматтағы 128 мектеп салынды. «Келешек мектептерінің» заманауи STEM-зертханалармен жабдықталуы – әр өңірдегі оқушылардың инженерлік әрі ғылыми әлеуетін дамытуға жол ашты. Нәтижесінде, олар халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар ретінде қалыптасып келеді», дейді Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.