• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент Бүгін, 15:55

Абай – әлемдік деңгейдегі тұлға: Мемлекет басшысының 180 жылдық мерейтойға арналған құттықтауын Сенат Төрағасы оқыды

30 рет
көрсетілді

Абай облысында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерейтой барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді, деп хабарлайды Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы құттықтауында Абайдың әлемдік деңгейдегі ғұлама екеніне және оның рухани мұрасының келер ұрпақ үшін де өзектілігін сақтайтынына назар аударды.

– Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын. Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді дәріптеді. Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу – аса маңызды, – делінген Президенттің құттықтауында.

Сенат Төрағасы өз сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен Абай мұрасының елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де кеңінен насихатталып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, 10 тамыздың ресми түрде Абай күні болып бекітілуі, ақын шығармаларының әлемнің негізгі тілдеріне аударылуы және Алматыда Абай ұлттық мектебінің салынуы – ұлы ойшылды ұлықтаудағы маңызды қадамдар. Сондай-ақ, «Толық адам» тұжырымдамасының қазіргі мемлекеттік саясатпен үндес екенін жеткізді.

– Мұндай іс-шараларды Абайға тағзым ету ғана емес, оның ойларын заманауи тұрғыда жаңаша түсініп, өмірде жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік деп қабылдаймыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Мерейтой аясында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам іс-шара өтіп жатыр. Олардың қатарында айтыс, ұлттық өнер фестивалі және басқа да ірі жобалар бар. Сондай-ақ, «ABAY ACADEMIYASY» алғашқы энциклопедиялық порталы іске қосылып, Семейде инклюзивті кітапхана ашылды.

Өңірге сапары барысында Сенат Төрағасы Абай мен Шәкәрімнің кесенелерін зиярат етіп, Қарауыл ауылындағы ақын ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Абайдың 180 жылдық мерейтойы ұлттық деңгейдегі мәдени оқиғаға айналды. Оған 15 елден келген делегациялар, зиялы қауым өкілдері, жастар мен қоғам қайраткерлері, барлығы 30 мыңнан астам адам қатысты.