Қарағанды облысында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аталып өтуде, деп хабарлайды Egemen.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Абайдың туған күні – 10 тамыз елімізде кеңінен тойланып жатыр. Аймақ бойынша жыл бойы ұлы ойшылға арналған шамамен 300 іс-шара өткізіледі. Барлық шаралар Абайдың шығармашылығы мен идеяларын сақтау және насихаттауға бағытталған.
Ақынның мерейтой күні Қарағандыда Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының, мәдениет, ғылым және қоғам өкілдері қатысты.
– Бұл мен үшін үлкен мереке. Мен Абайды өте жақсы көремін: әр өлеңі, әр сөзі жүрегіме жетеді. Үстелімде оның кітабы жатады, және мен Абайды оқыған сайын, ол біз туралы, бізге арнап жазғандай әсер аламын. Бізде Абайдай ұлы тұлғалардың болғанына қуанамын әрі мақтанамын, – деді академиялық мәселелер жөніндегі проректор, Әбілқас Сағынов атындағы техникалық университеттің өкілі Бекболат Нүсіпбеков.
Ескерткіш жанында ұлы ақынның жырлары оқылып, қазіргі тыңдарманның жүрегіне жетті.
Мерейтой қарсаңында облыста ақынның өмірі мен мұрасына арналған көрмелер, дөңгелек үстелдер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, жыр мүшәйралары, айтыстар мен театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылды. Бұл тек өткенді еске алу ғана емес, Абай бастаған рухани диалогты жалғастырудың көрінісі болды.
Мерекелік іс-шаралар облыстың барлық аумағын қамтиды. Бүгінде Қарағанды облысында Абай есімі қалаға, ауданға, екі ауылдық округке, 80-нен астам көшеге, 9 мектепке берілген. Сондай-ақ Қарағандыда, Шахтинскіде және Абай қаласында үш ескерткіші бар.
Абай ұрпаққа поэзиялық және музыкалық мұрадан бөлек, терең философия қалдырды. Оның «Қара сөздері» бүгін де өзектілігін жоғалтпай, білімге, әділдікке және рухани жетілуге үндейді.
– Бүгін біз Абай ескерткішіне гүл қою рәсіміне қатыстық. Мұнда тұрып, бұл оқиғаның маңызын терең сезіндік. Абай Құнанбайұлы – ұлы адам, оның есімі мен мұрасы қазір де халық жадында, – деді Қарағанды кооперативтік колледжінің студенттері Дарина Увалиева мен Камила Төменбаева.