Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам елді мекенінде «Central Asia aluminum» ЖШС-ның алюминий профильдерін өндіретін зауыты ашылды. Кәсіпорынның өндіріс қуаттылығы – жылына 20 мың тонна, 200 адам жұмыспен қамтылады. Жобаның алғашқы кезеңіне құйылған инвестиция көлемі – 4,4 млрд теңге, деп хабарлайды Egemen.kz.
Зауыт өнімдері толық дерлік экспортталады. Заманауи үлгідегі өндіріс орнының құрылыс жұмыстары сапалы орындалып, соңғы үлгідегі технологиялар қолданылған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен компания директоры Сян Гуанжуй зауыттың лентасын қиып, арнайы батырманы басу арқылы нысанды іске қосты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу жөнінде тапсырма берді. Бұл бағытта облысымызда нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін ашылған алюминий бұйымдарын өндіру зауытында заманауи және инновациялық технологиялар қолданылған. Жоба өңірде өнеркәсіп саласын дамытуға және кіріс көздерін ұлғайтуға ықпал етеді. Бұл жобаның жүзеге асырылуы – біздің ортақ жетістігіміз. Менің арманым және мақсатым – Түркістанды дотациялық өңір деңгейінен өз бюджетін қамтитын, өндірісі дамыған облысқа айналдыру. Сондықтан облысымызда, оның ішінде Ордабасы ауданында өндірістік жобаларды көбейтуді жоспарлап отырмыз. Индустриялық аймақтардың жұмысын жандандырып, жаңа жобаларды жүзеге асырамыз. Оған толық мүмкіндігіміз бар, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Сондай-ақ облыс әкімі жауапты тұлғалар мен кәсіпкерлерге зауыттың жұмысын сапалы үйлестіруді тапсырып, бұл бағытта жан-жақты қолдау болатынын еске салды.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,