Алматыда Мемлекеттік орталық музей мен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының бірлесе ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты әдеби-сазды кеш өтті, деп жазады Egemen.kz.
Іс-шара Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттап, жас ұрпақты рухани-мәдени тәрбиеге баулуға бағытталды. Ақынның өнегелі өмірі мен терең ой-толғамдары кеңінен қамтылған кешті ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Сержан Саров ашып, Абай мұрасы ұрпақ тәрбиесіндегі сарқылмас қазына екенін атады.
«Дәуірлерді жіктеген данышпанның тойы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтауында: "Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек" деп тапсырма берген болатын. Осыған орай елімізде ғылыми конференциялар, әдеби байқаулар, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бұл – Абайдың аманатына адалдықтың, рухани сабақтастықтың айқын белгісі. Бүгінгі кеш – соның жарқын үлгісі», – деді Сержан Саров.
Кеш барысында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының әртістері Т. Күзембаев, С. Мақсат, Д. Диляра, Б. Қанағатов, А. Бекзат, М. Ерланова, М. Саматов және Ш. Нұрғалиұлының орындауындағы әндер мен сахналық қойылымдар көрерменге рухани әсер сыйлап, Абай әлеміне терең бойлауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар кеш аясында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған қалалық байқаудың жеңімпаздары ұсынған көрме көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде оқушылардың ұлы ақын шығармашылығына арналған суреттері мен қолданбалы өнер туындылары қойылды. Әрбір туынды — Абай тұлғасына деген терең құрмет пен шабыттың көрінісі болды.
Мемлекеттік орталық музей бастамашы болған тағылымды шара - ұлы Абай мұрасының мәңгілік екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп, оның рухани-адамгершілік өсиеттерінің бүгінгі ұрпақ үшін маңызын айқындай түсті.