• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:00

Жасөспірімдерге арналған жазғы лагерь

30 рет
көрсетілді

Жастардың азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру, отансүйгіштік сезімдерін нығайтып, тұлғалық дамуына ықпал ету мақсатында Ақтөбе қаласының колледждері мен жоғары сынып оқушыларына арналған «Aqtobe camp-2025» жобасы ұйымдастырылды. Үш күн бойы 50 жасөспірім Мәртөк, Қарғалы, Қобда аудандарын аралап, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік нысандар жұмысымен танысты, табиғат аясында серуендеп, экологиялық іс-шаралар ұйымдастырды.

Лагерьдің алғашқы күні Мәртөк ауданына арналды. Ақтөбе қаласынан арнайы автобуспен жолға шыққан балалар ең алдымен Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Жайсаң» өткізу бекетіне аялдады. Мұнда балалар шекарашылардың жұмысын сырттай бақылап, өткізу бекетіндегі жолаушылардың құжаттарын тексеру тәртібін көріп, мемлекеттік шекара қызметінің маңыздылығын ұғынды. Осыдан кейін Мәртөк аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ғимаратына келіп, қауіпсіздік ережесін сақтау шаралары жөнінде қызметкерлердің дәрісін тыңдады. Бұл жерде әрбір адамның қарапайым тұрмыстық ережелерді сақтау маңыздылығы түсіндірілді. Соның ішінде жазғы өрттердің тұтану себептеріне қатыс­ты мол мағлұмат берілді. Сапар марал өсіретін «Зәру» шаруашылығына жал­­ғасты. Мұнда марал мүйізінің қасиет­­­тері түсіндіріліп, пантоорталықта өңірдегі емдік туризмнің дамуы жөнінде дәріс тыңдалды. Кешкісін лагерь қатысу­шылары «Казанка» суқоймасы жаға­лауын­да тынығып, табиғат аясында уақыт өткізді. Бұл – демалыс сәті ғана емес, сонымен бірге алған ақпараттарды еске түсіріп, өзара ой бөлісетін алаң болды. Мәртөк ауданына сапар «Айс» сүт та­уарлы фермасындағы шаруашылықтың жұмысымен танысумен аяқталды.

Келесі күн балалар Қарғалы ауданына сапарға шықты. Олар Қарғалы өзенінің бойында орналасқан «Trout Kargaly» форель өсіретін шаруашылықта болып, ауыл кәсіпкерлігінің даму барысымен танысты. Әсем табиғат аясында жастардың бір тобы «IQ жорыққа» интеллектуалды ойынына қатысса, екінші тобы өзен жағасында сурет салумен шұғылданды. Үш күндік сапардың қорытындысы Ақтөбе қаласындағы «Солнечный» демалыс базасында жалғасты. Бұл жерде облыстық прокуратура мен ішкі істер органдарының қызметкерлері жасөспірім­­дер­ге құқықтық мәдениетті сақтау, заң алдындағы жауапкершілік, мамандық таңдауға қатысты кеңестер беріп, оларды толғандырған сауалдарға жауап берді. Кездесу соңы арнайы полиция жасағы жауынгерлерінің жаттығуымен қорытын­дыланды. Балалар арнайы жасақ жауын­­гері болу үшін қандай дағдыларды меңгеру қажеттігі жөнінде көп сұрақ қойды.

«Үш күнге созылған «Aqtobe camp-2025» жобасы үлкен өмірге қадам басқан жастың өмірлік дағдыларын қалып­­­тас­тыруға ықпал еткен іс-шара болды. Балалар табиғат аясында саяхат­­тай жүріп, тәртіп пен тәрбие, қоршаған ортаға деген жауапкершілік, құқықтық мәдениет туралы кеңестер алды. Түрлі кәсіп иелерімен өткен әрбір кездесу жасөспірімдердің болашақтағы мамандық таңдауына жол ашады деп ойлаймын. Бұл жағынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай жиынында «Жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру – ел болашағы үшін аса маңызды. Құқық бұзушылықпен күрес тек жазалаумен емес, тәрбиемен, түсіндірумен басталуы қажет», деген ұстанымын назарға ала отырып, осы бағытта жастар арасындағы жұмыстарды күшейткен жөн. Тамыздың тамаша күндері елу балаға осындай қуаныш сыйлады. Алдағы уақытта жас­­өспірім­­­дерге арналған жазғы лагерь жұмы­­сын осындай бағытта жандандырсақ деген ойдамыз. Жастарымыз туған жердің табиғатын аялау, адал еңбек ету, ұнатқан мамандығыңмен елге пайда тигізу сияқты қағидаттарды басшылыққа алса, саналы ұрпақ қалыптастырудағы мемлекеттік сая­саттың бағдары дұрыс болып жат­қанын көрсетеді», дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев.

 

Ақтөбе облысы