Атырау облысында жыл басынан бері жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау үшін 139 тексеру жүргізілген. Соның нәтижесінде 140 заң бұзушылық анықталған, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Игілік Әубәкіровтің дерегіне қарағанда, жұмысшылардан 1300-ден астам өтініш тіркелген.
«Еңбек инспекторлары 962 адамның еңбек құқығын қалпына келтіріп, 40 жұмысшының 36 млн теңгеге жуық жалақы берешегін өндірді. Жұмыс берушілерге 92 нұсқама беріліп, 61 заңды тұлғаға 10 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Облыста ұжымдық шартпен қамту деңгейі ірі кәсіпорындарда 78,2%, орта кәсіпорындарда 77,1%, шағын кәсіпорындарда 33,9% құрап отыр», дейді Игілік Әубәкіров.
Оның айтуынша, биыл алты айда 36 өндірістік жазатайым оқиға тіркелген. Осындай оқиғалардың алдын алу үшін тәуекел картасы арқылы мониторинг жүргізу қолға алынған.