• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шымкент Бүгін, 08:50

Тұрақтылық бағытындағы қажырлы еңбек

20 рет
көрсетілді

Шымкент қаласындағы Достық үйінен Ассамблеяның тыныс-тіршілігіне қатысты көптеген қызықты дүниелерді табуға болады. Мәселен, онда этномұражай ашылған. ­Жұмыс кабинеттерінен бөлек, мұнда мәжіліс пен концерттік ­залдар да бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ҚХА ХХХІІІ сессиясын­дағы тапсырма­сына сәйкес Достық үйі заманауи комьюнити-орталық ретін­де қызмет атқаратындай етіп өз­гертілді. Осы мақсатқа орай ғимарат ішінен 200 шаршы метрді құрайтын алаңша жасақталып, соңғы үлгідегі компьютер, жылдам интернет, интерактивті тақта, өзге де қажетті техника және жиһаздармен жабдықталды.

Аталған орталық 30 тамыз – Консти­туция күні қарсаңында этномәдени бірлестіктер мен ҚХА жанындағы қоғам­дық құ­рылым белсенділеріне, жалпы қала тұрғындарының игілігіне табыс­талады. Осы тұста бүгінде Шымкенттегі Достық үйі тек Ассамблея жанындағы қалалық құрылымдар мүшелері ғана бас қосатын орын емес, еліміздің үшінші мегаполисіндегі қоғамдық-көпшілік іс-шаралар мен маңызды жиындар, талқылаулар өтетін ауқымды диалог алаңы ретінде тұрғындарға қызмет көрсетіп келе жатқанын айта кеткен жөн.

2025 жылдың басындағы статис­ти­калық дерек бойынша, Шымкентте 1 млн 256 мың адам тұрады делінген. Оның 71,4 па­йызын қазақ халқы құрайды. Ол шамамен 898 мыңға жуық адам. Этнос өкілдерінен саны жағынан өзбектер бірінші орын алады. Олардың мегаполистегі жалпы халық санындағы үлесі 15,8 пайыз немесе 200 мыңға жуық адам.

Өзбектерден кейінгі орында орыс ұлтының өкілдері. Бұл диас­пора өкілдері қала тұрғын­дары­ның 5,9 пайыз үлесін алады. Яғни шым­кеттіктердің 75 мыңға жуық тұрғыны – орыстар. Ал әзер­байжан, татар, корей, украин, түрік се­кілді өзге этнос өкіл­дері қала хал­қының қалған үлесінің ішінде.

Шымкенттегі 81 шағын аудан мен тұрғын алаптың 27-сінде этнос өкілдері жинақы қоныстанған. Ресми дерекке көз жүгіртсек, бүгінде қалалық ҚХА жанында 16 этномәдени бірлестік (славян, өзбек, әзербайжан, түрік, корей, иран, ұйғыр, шешен-ингуш, неміс, грек, грузин, армян, еврей, күрді, қырғыз, татар-башқұрт және аз этностардың басын біріктірген «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығы) пен «Қазақстандағы өзбек этномәдени бірлестіктерінің «Дустлик» қауымдастығы жұмыс істейді.

Биылғы қаңтар-шілде айлары аралығында қалалық этномәдени бірлестіктермен бірлесіп 85 іс-шара өткізілді. Оның 38-і мәдени, қоғамдық-көпшілік мақсатын­да ұйымдастырылған. Атап айт­қанда, олар – корейлердің Сол­лаль мерекесі, «Дәстүр – ұлт ұс­ты­ны» байқауы, «Алғыс айту – адам­гершілік белгісі» және басқа да салтанатты жиындар. Соның ішін­де, мәселен, славян этномәдени бірлестігі «Масленицаны» тойлады. Наурыз айында барша Ассамблея мүшелері «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесін атап өтті. Татар-башқұрт этномәдени бірлестігі концерт қойып, «Алтын көпірге» халықты жинап, «Аналар дастарқанын» жайды. Өзбек этномәдени бірлестігі «Бірлігіміз жарасқан» атты концертін берді. Көктемнің шуақты мезгілінде Ассамблея өкілдері «Мәртөбе» тарихи кешеніндегі «Мәдени мұра» экологиялық акциясында айналаны қоқыстан тазартты. ҚХА шығармашылық ұжымдарының өңірлік фестивалі, әзербайжан этномәдени бірлестігінің концерті, ҚХА-ның 30 жылдығына орай «Ардагер» халық хорының шығар­машылық кеші, «Бірлік – береке бастауы» атты экологиялық бастамасы қолға алынды. Жұрт күрді этномәдени бірлестігінің футболдан достық кездесуін, осы ұлт өкілінің мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі күніне арналған мерекелік қойылымды тамашалады.

Мамырда шымкенттіктер жаппай 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтті. Өз кезегінде түрлі ұлт өкілдерінің жастары «Мемлекеттік тіл – халық­тар достығының дәнекері» байқауында қазақ тілін кім қан­ша­лықты меңгергені жағы­нан жарысты. «Достық дастар­қаны» халықаралық фестивалі де көптеген қатысушыны жинады. Оның арасында славян этномәде­ни бірлестігі арнайы концерт ұйымдастырды. Мемлекеттік рәміздер күніне орай барша диаспора өкілдері «Көк ту, көк аспан – бірлігіміз жарасқан» мерекелік жиынында көк байрағымызға құрмет көрсетті.

Одан бөлек, еліміз атап өтетін арнайы даталық күндерге байла­нысты Ассамблея мүшелері «Ана мен бала» ескерткішіне және «Ме­мо­риалдық тақтаға» гүл шоқта­рын қойды. Сондай-ақ биыл қол­ға алынған «Достық әуендері» заманауи ұлттық-музыкалық байқа­уында сынға түсті. Бұдан басқа Ассам­блея қалалық ҚХА-ның VІ сессия­сын да ұйымдастырып үлгерді.

Сонымен бірге қалалық Дос­тық үйі 22 қайырымдылық іс-шарасының өтуіне ұйытқы болды. Мәселен, «ЖИТС-тен балаларды қорғау» қорының ғимаратын жөндеу, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған 50 отбасына азық-түлік себетін тарату, ерекше қажет­тіліктері бар балаларға сыйлықтар табыстау, 100 адамға ауызашар беру, «Ардагерлерді ардақтау», 30 балаға арналған сүндет той секілді сауапты істерді атап өтуге болады. 

Мұнымен қоса «Қазақстан – татулық мекені», «Ел бірлігі – тәуелсіздік кепілі», «Ұлтаралық татулық пен ынтымақ – негізгі құндылығымыз», «ҚХА – татулық пен бірліктің кепілі», «Ел бірлігі – ұрпаққа аманат» секілді конференциялар мен ғылыми басқосулар ұйымдастырылды. Жоғарыда аталған іс-шаралар барысында этнос өкілдеріне, жастарға, қоғамдық келісімді сақтау, жалпыұлттық бірлікті ны­ғайту және бірлік, достық, тату­лық, патриотизм сынды құнды­лықтарды сіңіру арқылы «Бірлі­гіміз – әралуандылықта», «Біз – әртүр­ліміз, бірақ бәріміз теңбіз» қағидаттары дәріптелді.

Жыл басынан бері қаладағы Ассамблея өкілдері 3 рет кеңес­тік отырыста бас қосты. Ал этнос­аралық ахуалды жақсартып, қоғам­дық келісім мен жалпыұлттық бірлікті бекемдеуді көздеген іс-шараларға 16 мыңнан астам адам қатысқан.

Ассамблея жанында мемлекет және қоғам қайраткері Орын­бай Рахманбердиев басқаратын Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Кеңестің атқарған қызметіне тоқталсақ, оның мүшелері жыл басынан бері Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының курсанттарымен, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының студенттерімен кездесті. «Ел бірлігі – ұрпаққа аманат» халықаралық ғылыми-практикалық конфе­рен­циясына, «Ел бірлігі – тәуелсіз­дік кепілі» тақырыбындағы семи­нар­ға, «Ұлтаралық татулық пен ынты­мақтастық – негізгі құнды­лығымыз» атты дөңгелек үстел мәжілісіне, Шымкент көлiк коллед­жiндегі, Ә.Қуатбеков атын­дағы Халықтар достығы универ­ситетіндегі жиындарға, «Ақса­қалдар – ұлттық құнды­лық­тар мен ұрпақтар сабақтас­тығының басты жанашыры» деген тақырыптағы басқосуларға қатысып, халықты ынтымақ пен бірлікке үндеді. Жастарға аталық өсиеттерін айтып, тура жол нұсқады.

Ұйым жанынан Аналар кеңесі де ашылған. Оны Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ ректорының міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева басқарады. Кеңес биыл өткен «Шындықты ана айтады», «Ел бірлігі – ұрпаққа аманат», «Ысырапшылдық ырысты қашырады», «Сыйластық пен қамқорлық – ана жүрегінде», «Әйелмен әлем әдемі», «Жаңа өмірдің жарқын бастамасы» сияқты іс-шаралардың бастамашысына айналды.

Сонымен бірге қалалық Ассам­блеяда ғылыми-сарапшылық топ құрылған. Оған 13 ғалым мен практик маман мүше. Топқа Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың департамент басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев жетекшілік етеді. Топ мүшелерінің қатысуы­мен қоғамдық келісім мен жалпы­ұлттық бірлік мәселелері бойынша сараптамалық 5 материал жарияланды. Сондай-ақ С.Сұлтанованың «Орталық Азиядағы интегра­циялық үрдістер» атты маңызды еңбегі жарық көрді. Ғылыми-сарапшылық топпен қоса ұйымда Жас ғалымдар клубы да бар. Оған 28 ғалым мүше. М.Әуезов атындағы ОҚЗУ «Тарих және этнология» ғылыми орталығы­ның басшысы, «Қазақтану» ғылыми журналының жауапты редакторы Шолпан Торғаутова осы клуб­тың жетекшісі. Жас ғалымдар ізденісінің арқасында осы күнде «Наша сила в единстве», «Шоха­ну Уалиханову 190 лет», «Қазақ­стан халқы Ассам­блея­сы­ның қалыптасуы және қызме­тінің тарихы: жетістіктері және бола­шақ перспективалары», «Келі­сім дауылға төтеп беретін үй секіл­ді», «Қазақстан халқы Ассам­блеясының 30 жылдығы: тәжірибе және әлемдік тенденция­лар» атты еңбектер жарық көрді.

Ассамблеяның этномедиа­ция кеңесі де жақсы қызмет атқарып келеді. Оның мақсаты – дауласқан қос тарапты татуластыру. Әртүрлі кикілжіңнің әрі қарай лаулап, өршіп кетуіне жол бермеу. Дана Кенжеқұлова Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығының жетекшісі, заңгер, кәсіби медиатор ретінде кеңеске жетекшілік қызмет атқа­рады. Медиаторлардың деректері қала құрамындағы 5 аудан әкімді­гінің реестріне енген.

Жалпы, қалада кәсіби келіссөз жүргізушілер қауымдастықтары құрылып, ол сот органдарымен, жергілікті атқарушы билікпен, құқық қорғау құрылымдарымен және азаматтық қоғам институттарымен өзара әріптестік байланыста жұмыс жүргізеді. Кеңес сапындағы медиаторлардың атсалысуымен 12 қылмыстық, 548 азаматтық іс өзара келісумен ше­шілді. Этномедиация ұғымын кеңейту, оны адамдардың санасына орнықтыру мақсатында жыл басынан бері түрлі танымдық, құқықтық жиындар өтті. Олардың ішінде медиация институтын дамытуға арналған дөңгелек үстел мәжілісін, Этномедиация кеңесінің Арбат алаңындағы ақпараттық акциясын, медиация туралы тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама мен «Қазақстан – бейбітшілік пен достықтың бесігі» атты кездесуді атап өте аламыз.