• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:05

«Адамдықты көздесең...»

40 рет
көрсетілді

Ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы Іле ауданында да кең көлемде аталып келеді. Күні кеше Боралдай кентіндегі №54 орта мектептің кітапханасында ақын шығармашылығын арқау еткен «Абай әлемі» атты іс-шара өтті. Онда Абайдың, Пушкиннің портреттері мен дәйекті сөздері ілініп, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мектептің ­дарынды оқушылары хакім шығармашылығына тоқталып, оның тәрбие­лік мазмұны туралы білгендерін айтты.

Абай өлеңдерін оқу арқылы жас өскіннің білімге құштарлығын арттырып, оқу қабілеттерін, сөйлеу мә­не­рін жетілдіріп, сөздік қорын ба­йытуды мақсат еткен поэзия сабағы оқушылардың сұрақ-жауабы мен шы­ғар­машылық көріністеріне ұласты. Ақынның бозбала шағы тартымды әрі мазмұнды бейнеленіп, көрерменде­рін тебірентті. Мектеп кітапханасының меңгерушісі Бибігүл Досжанова мен Аяулым Бакалова ұйытқы болған әдеби кешке қатысқан оқушылар хакім өлеңі мен қарасөздерін оқуда алғырлық танытумен қатар, бейнебаяндарын тарту етті.

«Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе.

Адамдықты көздесең,

Жаттап, тоқы көңілге»,

деген Сұлтанмахмұт Торайғырұлы­ның өлең жолдарымен түйінделді.

«Ұлы ақынның өлеңдерін оқу арқылы өскелең ұрпақтың бойына адамгершіліктің, ізгіліктің, мейірім мен қайырымның дәні егіледі. Бүгінгі ақпараттық технологиялар ағымында өмір сүріп жатқан жастарға Абай шығармаларын насихаттау арқылы ұлттық тәлім-тәрбиені сіңіріп, таным көкжиегін кеңейтудің маңызы зор. Сондықтан да мұндай мазмұнды іс-шаралар аудан мектептерін түгел қамтып, жас буынның белсене атсалысуына баса назар аударылуда», – дейді Іле аудандық білім бөлімінің басшысы Арайлым Ақсубайқызы.

 

Алматы облысы