Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті 12 мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынның қызметіне мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Департаменттің мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік кәсіпорындардың қызметіне монополияға қарсы органның келісімінсіз қызмет түрлерін құру, кеңейту немесе өзгерту, сондай-ақ келісілмеген қызмет түрлерін жүзеге асыру фактілерін анықтау мақсатында мониторинг жүргізілді. Мониторинг қорытындысымен заң бұзушылық анықталды.
«Мемлекеттік кәсіпорындар монополияға қарсы органның келісімін алмай, мәдениет және білім беру саласында қосымша ақылы қызметтер көрсетіп келген. Аталған саладағы негізгі мәселе – мемлекеттік мекемелердің қосымша ақылы қызмет көрсетуі арқылы адал бәсекелестік қағидаларын бұзуы. Бұл жеке кәсіпкерлердің мүмкіндігін шектеп, дамуына кедергі келтіреді. Мемлекеттік ұйымдардың бәсекелестік орта мен тауар нарығына мұндай араласуы бизнестің мүддесін шектеп қана қоймай, мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға кері әсерін тигізеді. Монополияға қарсы заңнаманы бұзудың экономикалық қана емес, әлеуметтік салдары да бар», деп хабарлады өңірлік департаменттен.