• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 09:45

Құқықтық сауаттылықтың маңызы

50 рет
көрсетілді

Бүгінде еліміздің шалғайдағы елді мекенінде 1500 «Құқық кабинеті» ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асырылған бастама жергілікті тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруды көздейді. Осыған орай елімізде осы бағытта тағы қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын шолып шыққан едік.

Осыдан төрт жыл бұрын Президент 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасына қол қой­ды. Ұлттық құқықтық жүйені жетілдіруге арналған бағдарламалық құжат заң­наманың жекелеген салаларын дамытуды мақсат етті. Негізі бұған дейін мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, экономикалық өсімді жеделдету, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, азаматтарды әлеуметтік қорғау саласындағы бірқатар мәселені шешуге бағытталған құқықтық реформалар қолға алынды. Енді осы бағыттар жүйеленіп, арнайы тұжырымдамамен нығайтылып отыр.

Нәтижесінде, қазір елі­мізде құ­қық­тық ақпарат ағы­ны едәуір кеңейіп, түрлі нор­­мативтік актілер қабыл­дана бастады. Мұны қоғам­ның, жеке және заңды тұлға­лар­дың өз мәсе­лелерін шешуде құқықтық құрал­дарды бел­сенді қолдануымен де бай­ланыс­тыруға болады.

Құқықтық саясат заң тетіктерін мақсатқа сай пайдалануға, адами құнды­лық­тарды ескере отырып, қоғамда тәртіптің сақталуына басымдық береді. Ол үшін мемлекет халықтың құқықтық сауатын дәйекті түрде арттырып келеді. Мәселен, былтыр «Халық заңгері», «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні», «Тегін заң көмегі күн­дері» акциялары тұрақты өт­кізілді. Республиканың бар­лық өңірінде 100 мыңнан аса адам­ды қамтитын 1 310 консуль­тативтік-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды.

Аудандық, ауылдық әкім­дік­тердің ғима­ратында, мәде­­ниет үйінде демалыс орталы­ғында және қоғамдық орындарда ашылған «Құ­қық каби­нет­­т­ерінің» ерек­шелігі сол, шал­ғайдағы ағайын құқық­тық ақ­паратқа жедел әрі оңтай­лы қол жет­кізді. Ілкімді іс аумақ­тық әді­лет орган­дары мен жергі­лік­ті атқарушы орган­дардың бір­лескен жұмысы нә­ти­же­сінде өт­кен жылдың бірінші тоқса­нында кезең-кезеңімен жүзеге асты.

– Бұл – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды жоба. Басты мақсат – тұрғын­дарды құқықтық мәселелер бойынша маманның көмегінсіз-ақ өздігінен ізденуге, заңнаманы түсініп, оны күн­делікті өмірде қолдана білуге ынталан­дыру. Қазіргі таңда кабинеттер е-Gov өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының базасында құрылған. Қажетті заманауи техника – компьютер, принтер, веб-камерамен жабдықталған. «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне, «Заң» дерекқорына, «Ашық НҚА» порталына, e-Gov, e-Otinish және басқа да ресурстарға кіруге болады. Аумақтық әділет органдары ай сайын кемінде бір рет осы кабинеттердің базасында қабыл­дау өткізіп, азаматтарға кең ауқымды мәселе бойынша тәжі­ри­белік құқықтық көмек көрсетіп келеді. Бірінші жартыжылдықта 35 мың­нан аса азамат «Құқық кабинетінің» қызметін пайдаланды, – дейді Әділет министрлігі Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару департаменті директорының орынбасары Нұрбек Нұрғалиев.

Оған қоса былтыр Еup.kz. сайты арқылы онлайн режімде заң қызмет­терін ұсынуға және алуға мүмкіндік беретін «E-ZanKomegi» бірыңғай ақпа­раттық жүйесі іске қосылды. «Zan Komegi» мобильді қосымшасында ­2 мың­нан астам адвокат пен заң кеңес­шісі 472 мыңнан астам азаматқа кеңес берген.

Бүгінде азаматтар нотариусқа бар­май-ақ, «Е-нотариат» жүйесінде бейне­қоңырау арқылы онлайн режімде сенім­хаттар мен ерлі-зайыптылардың келісімдерінің барлық түрін ала алады. Бұл әсіресе, нотариустық қызметтер бағасы қымбаттаған кезде азаматтар үшін тиімді шешім болды. Мәселен, өткен жылы осы қызметті 176 мың адам пайдаланған. Ескеретін жайт, мүлік­ті басқаруға қатысты сенімхаттар бұрын­ғыша тек офлайн форматта рәсімделеді.

Сондай-ақ қазір заңсыз әрекеттер­дің алдын алу мақсатында биометрия­лық сәйкестендіру қолданылып, өтініш­терге QR-мен қол қойылады. Ал қыз­мет нәти­желері eGov mobile-дың ­«Цифр­­лық құжаттар» бөлімінде тәулік бойы қол­жетімді.

«Робот сот орындаушысы» енгізілді. Мәселен, 20 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұлдар уақтылы төленбеген жағдайда уәкілетті орган мәліметтерді жеке сот орындаушының қатысуынсыз іс жүргізуді қозғайтын роботқа жүк­тейді. Азаматтар іс қозғалғаны жөнінде ақпаратты eGov mobile-да 1414-тен SMS хабарлама және push-хабарлама арқылы алады. Соның нәтижесінде азаматтар сот орындаушысына жүгінбейді және оған төленетін 25% қосымша шығыннан босатылады.

– Заң – ережелер жиынтығы ғана емес, бұл қоғамдағы тәртіптің, қауіпсіздік пен әділдіктің кепілі. Әрі оның нормалары елдің саяси дамуына серпін беріп, жалпыға бірдей құқықтық алаң құрады. «Заң мен тәртіп» идеологиялық тұжырымдамасын іске асыру аясында Алматы қаласының прокуратурасы «Құқықтық дәріхана» жобасын іске қосты. Бұған қоса жедел заң көмегі­не жүгінуге немесе заң бұзушылық туралы хабарлауға болатын «сенім телефоны» жұмыс істеп тұр. «Zhastarmen» платформасы арқылы жас алматылықтар құқықтық ақпарат ала алады, есірткіге қарсы науқандарға қатысып, құқық бұзушылықтар туралы анонимді түрде хабарлауға мүмкіндік те бар. Жоба Telegram арнасы арқылы жұмыс істейді, оған кез келген адам қосыла алады, – дейді Алматы прокуратурасының ресми өкілі Райымбек Шәріпбаев қалада өткен «Заң және тәртіп» апталығында.

Әділет министрлігі жыл аяғына дейін 300 мыңнан астам азаматтың құқықтық сауатын жетілдіруді және қарапайым заңгерлік кеңестер беруге, құжаттарды жинауға көмектесуге арналған «Әйтеке» көмекші чат-ботты іске қосуды жоспарлап отыр. Одан бөлек робот сот орындаушысының құзыретін кеңейтіп, айналысатын берешек мөлшерінің шегі 20-дан 40 АЕК-ке дейін арттыруға әрекет етіп жатыр. Бұл жылына 12,2 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Байқағанымыздай, елімізде отан­дастарымыздың әсіресе шалғайдағы ауыл тұрғындарының сапалы құқықтық кеңес алуына мүмкіндік жасалып, оларға онлайн заң көмегі мен цифрлық платформалар қолжетімді бола түсті. Бұл елімізде жүзеге асып жатқан құқықтық саясаттың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта осы үрдісті одан әрі тереңдету әділетті қоғам қалып­тастырудың берік негізі болмақ.