Ұлытау облысында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған мәдени-ағартушылық онкүндік өтіп жатыр.
Төртінші тамыз күні Ұлытау ауданындағы Абай ескерткішінің жанында әдеби-сазды кеш өтті. Облыстың барлық аудандары мен қалаларында Абай мұрасын ұлықтауға арналған кештер, концерттер, көрмелер, шығармашылық кездесулер басталып кетті.
Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Абай – ұлт керуені» жобасы ұлт ұясы Ұлытау жерінен бастау алды. Осы «Абай керуені» жобасы аясында облыс аумағында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Соның бірі – Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасында өткен «Abai-quiz» зияткерлік ойыны. Жеті кезеңнен тұратын ойынға бес топ қатысты. Ұлытау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының «Ойшыл» тобы, қаржы басқармасының «Ағартушы» тобы, дене шынықтыру және спорт басқармасының «Сазгер» тобы, облыстық мемлекеттік архивінің «Философ» тобы, Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармонияның «Қайраткер» тобы сынға түсті.
Хакім Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы қойылған сұрақтар ауызша, жазбаша, аудио, бейне, сурет түрінде берілді. Түрлі салада қызмет істеп жүрген жас мамандар Абайдың шығармашылығына қызығушылық танытып, қойылған сұрақтарға жарысып жауап бергені жанға жылы шуақ құйды.
Ойын соңында ең көп ұпай жинаған Ұлытау облысы қаржы басқармасының «Ағартушы» тобы жеңімпаз атанып, арнайы сыйлық және дипломмен марапатталды. Барлық қатысқан топтарға алғысхаттар мен сыйлықтар табысталды.
Ұлытау облысы