• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 17:40

Өскеменде жас жол инспекторларының слёті басталды

40 рет
көрсетілді

Өскемен қаласында Ғазиз Байтасов атындағы XX мерейтойлық республикалық жас жол инспекторлары (ЖЖИ) слётінің салтанатты ашылуы өтті, деп жазады Egemen.kz.

Ішкі істер министрлігінің бастамасымен өтетін слёт өсіп келе жатқан ұрпақтың жолда қауіпсіз жүру мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылығын арттыру, жауапкершілік пен азаматтық борыш сезімін дамытуды көздейді.

Биылғы слётке еліміздің 20 өңірінен келген ЖЖИ командаларымен қатар, Қырғыз Республикасының өкілдері де қатысып жатыр. Бірнеше күн бойы қатысушылар жол қозғалысы ережелері бойынша білімдерін, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын көрсетіп, балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша шығармашылық жұмыстарын ұсынады.

Салтанатты ашылу рәсімінде қатысушыларды Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев құттықтады. Ол ЖЖИ қозғалысының жастардың құқықтық санасын қалыптастырудағы маңыздылығына тоқталды.

«Жас жол инспекторлары – бұл жай ғана мектептік ұйымдар емес. Бұл қозғалыс жас буынға қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін сіңіреді, заң мен тәртіпке құрметпен қарауды қалыптастырады, жауапкершілікті арттырады. Слётке қатысу сіздерге жаңа білім, жарқын әсер және сенімді достар сыйлайтынына сенімдімін», деді ол.

Шара барысында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да сөз сөйлеп, слёт қатысушыларына жылы лебізін білдірді. Ол ЖЖИ қозғалысына қатысушы балалар санының жыл санап артып келе жатқанын атап өтті.

«Бұл қозғалысқа қызығушылықтың артуы қуантады. ЖЖИ — бұл ең белсенді әрі саналы оқушыларды біріктіретін ұйым. Олар - біздің болашағымыз. Тәртіпті, жауапты әрі ел тағдырына бей-жай қарамайтын ұрпақ», Ж.Омар.

Салтанатты ашылуда Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің хоры ән шырқап, одан кейін түрлі би топтарының өнері көрерменге ұсынылды. Іс-шара жас жол инспекторларының Гимнін орындаумен және жарыстарға ресми түрде бастау берумен аяқталды.

Слёт қатысушылары алда түрлі байқаулар, білім мен шеберліктерін сынға салады.