• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қылмыс Бүгін, 19:23

Кибералаяқтық дерегі 14 мыңнан асты

30 рет
көрсетілді

Биыл елімізде 14 мыңнан аса интернет-алаяқтық тіркелді. Көрсеткішті өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға көп. Қайтпек керек?

Кейінгі жылдары интернет-алаяқтық тек жаһандық проблема ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке төнген елеулі қатерге айналды. Технологияның қарқынды дамуы, цифрлық байланыс құралдарының кеңінен таралуы алаяқтардың да айла-амалдарының көбеюіне сеп болып отыр.

Бүгінде келтірілген залал көлемі 6 млрд. теңгеден асады. Оның тек 26%-ы ғана өтелді. Оған қоса кибералаяқтық құпия деректердің заңсыз таралуына ықпал етуде. Осыған байланысты Бас прокуратурада кибералаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес өтті.

Жиынға Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ішкі істер министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері қатысты. Олар интернет-алаяқтықтың өсу себептері, жеке деректердің заңсыз таралуы, SIM-карталардың көлеңкелі айналымы және SIP-телефонияны пайдалану мәселесін жан-жақты талқылады.

Кеңесте жәбірленушілердің құқығын қорғау бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатқаны айтылды. Яғни бүгінде алаяқтық жолмен ресімделген несиелердің төлемін тоқтату және дропперлерден негізсіз алынған қаражатты өндіріп алу шаралары қолға алынған. Мәселен, алаяқтарға өздерінің төлем құралдарын берген 217 дроппер қылмыстық жауаптылыққа тартылды. 61 киберқылмыстық топ әшкереленіп, жалпы сомасы 2,9 миллиард теңгеден асатын күдікті транзакциялар бұғатталған.

Қатысушылар қазіргі қалыптасқан ахуалға жан-жақты талдау жүргізіп, нақты іс-шараларды белгіледі және оларды іске асыруға жауапты мемлекеттік органдарды айқындады.

Сонымен қатар, осы жылдың ақпан айында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен Б.Асылов төрағалық еткен «Заңдылықты, құқықтық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру» кеңесінің шешімдерінің орындалу барысына ерекше назар аударылды. Әр бағыт бойынша уәкілетті органдардың есебі тыңдалды.

Айта кетейік биыл қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске енгізілген 232-1-бап күшіне енеді. Онда өз төлем құралдарын материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға заңсыз берген дропперлердің қылмыстық жауаптылығы көзделген. Бұл құқық бұзушылық үшін тек қаржылық шектеулер ғана емес, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.