Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов «Tianjin Youfa Group» компаниясы бас директорының орынбасары Ли Сяндунмен және «Hong Kong Friend International Cooperation» компаниясы бас директорының орынбасары Сан Вэнксумен кездесті. Жиында болат құбырлар өндірісі бойынша инвестициялық жобаны іске асыру мүмкіндіктері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жоба Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тік тігісті болат құбырлар шығаратын зауыт салуды көздейді. Инвестиция көлемі 70 млн АҚШ долларынан асады. Есесіне 283 жұмыс орны құрылады. Жоспарланған өндірістік қуат – жылына 200 мың тонна.
Зауыт мұнай-газ секторы, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылымдық жобалар үшін сұранысқа ие құбырларды шығарады. Өндіріс импортты алмастыруға бағытталған. Еске салсақ, былтыр еліміз 487 млн АҚШ долларына 428 мың тонна құбыр импорттаған еді.
Кездесу барысында Ғ.Оспанқұлов инвесторларға еліміздегі мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде инвестициялық преференциялар, салықтық және кедендік жеңілдіктер, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардағы жобаларды орналастыру мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берді.
«Қазақстан үшін өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мен негізгі өндірістерді жергіліктендіру аса маңызды. Құбыр зауытының құрылысы экономикамызды әртараптандыру, ішкі нарықты сапалы өніммен қамту және экспорттық әлеуетті арттыру бағыттарындағы басымдықтарымызға толық сай келеді. Біз жобаның барлық кезеңінде –әкімшілік сүйемелдеуден бастап мемлекеттік қолдау құралдарына қосылуға дейін – жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», деді СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы.
Ал Ли Сяндун компания Қазақстанды өңірдегі негізгі серіктесі ретінде қарастыратынын жеткізді.
«Біз Қазақстанның инвестициялық әлеуетін, тұрақты іскерлік ортасын және шетелдік инвесторларға көрсетілетін жүйелі қолдауды жоғары бағалаймыз. Құбыр зауыты жобасы ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықтың негізі болатынына сенімдіміз», деді «Tianjin Youfa Group» компаниясы бас директорының орынбасары.
Шымкенттегі зауыт құрылысының жобасы стратегиялық маңызды салада жергілікті өндірісті дамыту мен өнеркәсіптік кооперацияны нығайтудың маңызды элементі ретінде қарастырылады. Тараптар бастаманы іске асыру бойынша бірлескен жұмысқа дайын екендігін білдірді.
Айта кетейік, Hong Kong Friend International Cooperation Co., Limited – Қытайдағы құбыр өндіруші ең ірі компаниялардың бірі «Youfa Group»-тың еншілес кәсіпорны. Компания дамыған өндірістік және логистикалық инфрақұрылымға ие, өнімін 100-ден астам елге экспорттайды және Азиядағы болат құбырлар нарығында жетекші орында тұр.