Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында мұқтаж азаматтар үшін цифрлық азық-түлік ваучерлерінің тетігі қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп жазады Egemen.kz.
Пилоттық жоба алдымен Ақмола және Павлодар облыстарында жүзеге асырылады. Жоба шеңберінде мұқтаж азаматтар, яғни, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар азық-түліктерді «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы сатып ала алады. Бұл үшін оларға арнайы цифрлық ваучерлер беріледі. Бұл ваучерлердің иелері азық-түлікті сауда үстемесі қосылмаған арзан күйінде сатып алады.
«Азаматтар QR-код және төлем карточкасын пайдалана алады. Пилоттық жоба барысында қандай құрал анағұрлым тиімдірек екені анықталады. Көмектің бұл түрі кірісі кедейлік шегінен төмен азаматтарға ғана беріледі. Тетік «eGov Mobile» мобильді қосымшасы негізінде – «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы жүзеге асырылады», деді Арман Шакқалиев. Жүйе бір айлық есептік көрсеткішке (АЕК) сүйене отырып, отбасының әрбір мүшесі үшін азық-түлік ваучерін автоматты түрде қалыптастырады. Ваучерді жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп анықталатын серіктес дүкендерден жеңілдіктер алу үшін пайдалануға болады. Сәтті сынақтан өткен жағдайда жоба бүкіл елге таратылады. «Бүгінгі таңда шекті мерзімдер белгіленді. Биылғы жылдың күзінде біз пилоттық жоба бойынша барлық жұмыстарды жүргізуіміз керек. Одан кейін бета-нұсқа дайын болады», министр.