Бүгін – қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жүрген медиаторлардың кәсіби мерекесі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Медиация – дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей, өркениетті жолмен шешудің тиімді тетігі ретінде тұрақты дамып келе жатқан институт. Елімізде 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заң осы саланың құқықтық негізін қалыптастырды. Ізінше медиация құқықтық жүйесінің маңызды элементі саналып, түйткілді шешудің балама әдісіне айналды.
13 жыл ішінде салада бірқатар маңызды өзгерістер болды. Қазіргі таңда медиация жүйесі құрылымдық әрі мазмұндық тұрғыдан жаңғырып жатыр. Осы бағытта уәкілетті орган ретінде Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік саясатты жүйелі іске асырып келеді.
Министрлік медиатор ұйымдарының реестрін жүргізу, олардың қызметін үйлестіру, реестрді жаңарту және қоғамдық медиаторлардың жұмысын талдау бағытында кешенді шаралар қабылдайды.
Бүгінде республика көлемінде 23 медиатор ұйымы тіркелген. Жалпы 2000-нан астам кәсіби медиатор еңбек етеді. Сонымен қатар, өңірлерде 1800-ден астам қоғамдық медиатор халыққа құқықтық көмек көрсетеді. Мәселен, жыл басынан бері әлеуметтік осал топтарға 10 мыңнан астам тегін кеңес берілді.
Сонымен қатар республика бойынша 98 медиация кабинеті жұмыс істейді. Оның базасында құқықтық көмек көрсету, шиеленістерді шешу және дағдарыс жағдайларынан шығуға қолдау білдіру мақсатында 900-ден астам қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.
Дауларды шешуде ұлттық дәстүр мен мәдени ерекшеліктерді ескеру – тиімді шешім қабылдаудың маңызды факторы болып отыр. Сондықтан елімізде этностар арасындағы өзара түсіністік пен қоғамдық келісімді нығайту тұрғысында этномедиация елеулі үлес қосып жатыр. Қоғамдық медиаторлардың басым бөлігі этномәдени бірлестіктермен тығыз жұмыс істеп, этносаралық шиеленістердің алдын алуға септігін тигізіп келеді.