• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Абай Бүгін, 08:50

«Абай жолын» оқығанда...

30 рет
көрсетілді

Өткенде жазушы Мұхтар Мағауиннің «Абайдың суреті» атты көлемді эссесін оқып отырып, «Абайды алғаш оқығанда адам қандай күй кешеді?» деген сауалдың төңірегінде ойландым. Айтпақшы, Мұхтар Мағауин «Абай жолы» романының екі томын небәрі 8 жасында оқып тауысқанын жазады. Ал өзге қаламгерлер Абайды алғаш оқығанда, қандай әсерде болды екен – сөйлетіп көрелік. Алғашқы қонағымыз – жазушы Ділдәр Мамырбаева.

– «Абай жолы» қазақ әде­биетінің қасиетті темірқазы­ғы ғой. Ұлт­тық ар-ожданымыз, ұлт­тық мақтанышымыз. Атын дүниежүзі білетін жауһа­ры­мыз. Мұхтар Әуезов болса, әлемдік мәдениетке «Абай жолын» әкеп қосқан ұлы тұлға.

Ғабит Мүсіреповтің өзі «Мен «Абай жолын» төртінші рет қайталап оқығанда барып түсіндім» депті. 5-6-сыныпта оқып жүріп-ақ, түсінбек тұр­мақ сын жазған азаматтар бар.

Ал біздің жетемізге кейін­деп барып жетті. Мектепте оқып жүргенімізде аттап-пұттап, ұзақ ой айтылған жерді тастап кетіп, оқиға қуып оқыдық. Университет бітірген 21-22 жасымызда да толық оқып шыққанымызбен, парықтай қоймадық-ау дей­мін. Отыздан асқанда оқы­ға­нымызда Мұхтар Әуезов ке­йіпкерін жек көргізгісі келсе жеті қат жер астына кіргізіп жіберетінін, жақсы көргіз­гісі келсе жайнатып жібере­тін шеберлігіне таңғалдым. Көр­кем шығармадағы Абай­ды Абай деп, Құнанбай­ды өмір­де де сол Құнанбай деп қа­былдағаным да шын. Идео­логияның құдіреті ғой. Әйелді түйенің өркешіне асып өлтірген, өз немересін қылғындырған, ұрпағына теріс бата берген Құнанбайды қалай жақсы көресің? Әлемде қандай зұлымдық, қаталдық бар – бәрі бір Құнанбайдың бойында. Өмірдегі Құнанбай басқа шығар деген ой келмеген. Құнанбай Меккеге аттанып бара жатып:

– Бәйбіше, үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Ұзақ кеткен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел – өзің едің, сенің айтар кінәң болса да, менің саған артар бір түйірдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ пейілің үшін балаларыңның бағы ашылсын, – деді.

– «Мырзам,  мынандай сапарыңа кінә түгіл наз ертсем, оным білместік болар еді! – деп күйеуінің бетіне салмақпен қарады.

– «Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал ша­ғыңа бейімделген сайын дүние кеңейе береді екен. Өзің босаң, кішірейе беріп, айналаңда қуыс дүниені көп тауып, өзгеге орын босатып бергің келеді. Кінәң азайып, кешірімің көбейіп, суына бас­тайды екенсің, осы көңіл мені жеңгеніне көп болған, – деп біраз толас тапты. Құнанбай аса қатты ден қойып, ұйып тыңдап қалған еді» – деген тұсты оқығанда Құнанбай­дың да ет пен сүйектен жарал­ған адам екеніне көзім жетіп, ішім жылып қалғаны бар. Ызғарлы, суық Құнанбайға оқырманның жүрегін жылыт­қаны жазушының шеберлігі ғой.  Бұл да әсер шығар.

Содан кейін Бөжейдің асына бару мәселесі. Құнан­бай мен Бөжейдің қырғи­қабақ екені белгілі. Өлгенінде Құнанбайларға хабар беріл­мейді. Дегенмен Зере, Ұл­жан­дар тақымдап отырып асына баруға рұқсат алады. «Құнанбай қиналып, қын­жылып көне ме? Кекесінмен көне ме? Оның ар жағын Абай елеген жоқ», делінеді. Он үй – отыз-отыздан үш жүз кісі түсетін, ішкі жасау, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ, ер­теңді кеш ас азығы, бар сойы­сы, барлық күтімі Абайдың мойнында. Үйтілген сансыз қойдың еті жүздеген  жылқы етімен бірге асылмақ. Оқып отырғанда дастарқан мәзірі аузыңнан сілекей ағызады.

Осы тұстағы менің есімнен кетпейтіндей болғаны жиын алдындағы кеңесте Зеренің сөйлегені:

– Байлауын байладың. Енді, түге, жат жиынның ал­дын­да жас балаларымның жақ­сы ­талабын жер қыл­маң­дар. Өліге еткен қызметтен бастарың кішіреймес. Араз-құразды ұмытыңдар адам болсаң! Тірісінде алғыс ал­масаң, енді тым құрыса, өлі аруағынан қарғыс алма. Балаларым мен келіндерім, сендер де төбеңмен жүр! Отымен кіріп, күлімен шық қонағыңның! Ердің сыны шабуыл мен шаптығуда емес, кішіпейіл, мейірде! Шалдықсаң да қабақ шытпа! Қуанып, жарқырап жүріп күт! Дабырайып, желігіп те кетпеңдер! Жым-жырт, момын  жүріп күтіңдер! Болмаса мынау ағайынның төрт көзі түгел отыр ғой, міне!  Бірі – қырт, бірі – дарақы мақтаншақ, бірі ұр да жық, даңғой атанғанда – осындай көп жиын үстінде масайып, оспадарлық қылам деп, сондай атақ алатын! – деді. «Мылжың», «мақтаншақ», «даңғой», дегендері осы арада шынымен төрт көзі түгел отыр еді.

Бұл тұста да бесікті де, есікті де түзейтін әйел-ананың өз ортасындағы «білгірлерді» тәубасына келтіріп, өз бала­сының (Құнанбайдың) пенде­шілігін ізгілікке айналдыруы, түсі жылы адамгер­шілікке жүгіне отырып, ел параса­тын танытатын қимылға барға­нына қатты әсерлендім. Қазір де сондай аналар бар ма екен деген ойға қатты берілдім.

Кейіндеп шынайы өмір­де Абайдың Бөжей асына бармағанын деректерден оқы­дық қой. Жазушының кейіп­керін ұтымды бейне­легені, әрине, жақсы әсер қалдырды.

Ал енді үш жасар Кәм­шатты Бөжейге құн орнына берген Құнанбайға тіс қай­рай­тын тағы бір тұс – мынау.

«Кәмшат жаңа келген кісілерді танымады. Бірақ үй ішінің қаттылығын осы жаңа келген адамдарға шаққандай боп кемсеңдеп, дірілдеп, бір­түрлі әлсіз үнмен тағы жы­лады. Бұрын топ-толық, қызыл шырайлы, қарақат көзді Кәмшат қазір сатқақ ұр­ғандай арықтап, құп-қу шөлмектей болып қалыпты. Қол-аяғы шидей. Бетінде ғазап пен сор көлеңкесі бар сияқты. Кірпіктері ұзарған. Екі ұрты кәдімгі қайғы шеккен, аштық көрген үлкен адам­дардың бетіндей боп, тозы­ғы жетіп жиырылып тұр. Үл­кейіп, алақандай боп кеткен қап-қара көздерінен кесек-кесек жастар тамшылайды. Кү­тімсіз қор болған бала шын биша­раның қалпында жатыр».

Сізге өтірік, маған шын, мұңлы бір әңгіме жазып отырғанда көз алдыма осы Кәмшаттың бейнесі келе­ді. Түп санама кіріп алған­дай. Жүрегім жаншыла­ды, жаным езіледі. Имансыз­дықтың ұя салғаны қатты қапа­ландырған.

 

Дайындаған –

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»