• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Кеше

Алматы облысында 60 мыңнан астам балаға көмек көрсетіледі

20 рет
көрсетілді

Алматы облысында 2025–2026 жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жалғасуда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Акция 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өткізіліп, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық барысында қолдау көрсетуге бағытталған.

Биыл «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан 60 948 балаға қолдау көрсету үшін 2,8 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Әр балаға 46 228 теңге мөлшерінде көмек қарастырылған. Бұл сома соңғы үш жылдағы көрсеткіштермен салыстырғанда 2,5 есе артық. Барлық төлемдер 20 тамызға дейін ата-аналардың шоттарына аударылады.

Мемлекеттік көмектен бөлек, акция аясында қайырымдылық жәрмеңкелері ұйымдастырылып, демеушілер есебінен киім-кешек пен оқу құралдары үлестірілуде. Жергілікті кәсіпкерлер мен еріктілер бұл бастаманы белсенді түрде қолдап отыр.

Салыстырып қарасақ, 2023 жылы 56 974 балаға 2,4 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілсе, 2024 жылы бюджеттен тыс қаражат есебінен 20 250 оқушы қолдауға ие болған. Биыл көмек алушылардың саны 60 948 балаға жетіп отыр.

«Мектепке жол» акциясы – бұл тек қаржылай қолдау ғана емес, әрбір баланың білім алу құқығын қамтамасыз етудің және қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттырудың тиімді тетігі.