• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 16:50

Магистратураға тест тапсырған 99 қатысушының нәтижесі жойылған

40 рет
көрсетілді

Ғылым және жоғары білім министрлігі магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеудің аралық қорытындыларын жариялады, деп жазады Egemen.kz.

Тестілеу басталғалы 39 мыңнан астам адам магистратураға түсу үшін кешенді тест тапсырған. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша түсушілердің - 52%-ы, бейінді бағыт бойынша - 21%-ы шекті балл жинаған. Ғылыми- педагогикалық бағыт бойынша орташа көрсеткіш - 78 балды, бейінді бағыт бойынша 23 балл болған. Үміткерлердің ішінде ең жоғары 139 балл тіркелген.

Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет.

Министрлік мәліметінше, тестілеу басталғалы 99 қатысушының нәтижесі жойылған. Оның ішінде 67 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 31 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылған. Тестілеуге кіргізу барысында бөгде адамның тестілеуге кіруге оқталған 1 жағдай анықталған.

Айта кетейік, тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляцияға беру мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде оқуға түсуші бірден апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция жеті жұмыс күні ішінде қаралады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 51 мыңнан астам өтініш түскен. Ал магистратурада оқуға 13 мыңнан астам грант бөлінген. Биылғы магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу 21 шілдеде басталған болатын, 7 тамызға дейін жалғасады.