• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шымкент 01 Тамыз, 2025

Әскери қызметтен – студент аудиториясына

20 рет
көрсетілді

Өткен жылдың көктемінде Шымкент қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылған 86 жігіт бүгінде мемлекеттік білім грантының иегері атанып, еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алды. Бұл – Қорғаныс министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп қолға алған бастама. Әскери қызмет кезінде тәртіп пен жауапкершілік танытқан сарбаздарды қолдауға бағытталған.

Солардың бірі – запас­қа шыққан қатардағы жауынгер Жанболат Еспен. Ол әскерге дейін Шымкент қаласындағы жергілікті әскери басқару органдарының бірінде инспектор болып жұмыс істеген. Мерзімді әскери қызметті сәтті өтеп, жағымды мінездеме алған сарбаздар ҰБТ тапсырып, балл жинамай-ақ университетке түсе алады. Осыны естіген Жанболат мүмкіндікті қалт жібергісі кел­мейді. Сөйтіп, мемлекеттік грант иесі болуды өзіне мақсат етіп қояды.

Қарағанды гарнизонын­да­ғы әскери бөлімдердің бірін­де қызмет еткен Жанболат өзіне жүктелген міндеттерді адал орындап, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайын­дық бағдарламасын жоғары деңгейде меңгерді. Қызмет барысында бірнеше рет Астана қаласына іссапарға барып кел­ді. Оның табандылығы мен жауап­кершілігі бөлім басшылығы тарапынан жоғары бағалан­­ды. 12 айлық әскери қызметін ­абы­роймен аяқтағаннан кейін «Көктем – 2024» шақыры­лы­мының үз­дік сарбаздар қата­ры­на кірген Жанболат Еспен мем­ле­кеттік грант иегері атанды. Бұл қуа­нышты жаңалықты алдымен анасы Гүлжаухар Сәрсембаева естиді. Ұлының бұл жетістігі ана жүрегін ерекше толқытқан. Баласын құттықтап, аналық ақ тілегін арнады.

Қазір Жанболат туған қаласы Шымкентке оралып, «Мирас» университетіне құжатын тапсырып, оқуын бастауға дайындалып жүр. Әскерден запасқа шыққан ол Абай, Әл-Фараби, Тұран аудандары бойынша біріктірілген қорғаныс істері басқармасына барып, әскери қызмет арқылы мемлекеттік грантқа қалай қол жеткізуге болатынын айтты.

«Өр рухты бабалардың жолын жалғау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Елін, жерін жау­дан қорғау – әрбір ер-азаматтың мін­деті. Сол жауапкершілікті жете түсінгендіктен өз еркіммен әскер қатарына алынып, абыроймен өткеріп келдім. Тәуелсіздіктің тірегі – оның әскери қорғанысы. Бүгінде мемлекет қорғаныс саласын күшейтуге барынша көңіл бөліп жатыр. Соның ішінде қатардағы жауынгерлерге де ерекше қамқорлық пен жағдай жасалған. Мұны нағыз әскери өмірді көзбен көріп келген сарбаз ретінде толық сеніммен айта аламын. Мен әскерде жүргенде жауынгерлік тәртіппен бірге қарудан оқ атуды, әскери техникалар мен олардың пайдалану мақсаттарын, сондай-ақ майдан даласында ұрыс жүргізудің әдіс-тәсілдерін үйрендім. Өзімді, елімді жаудан қорғайтын дайын жауынгермін деп есептеймін. Кез келген сәтте қолыма қару алып, Отанымды жаудан қор­ғауға әзірмін. Менің ойымша, барлық ер-азамат Отаны үшін құрбан болуға дайын болуы керек. Жоғарыда айтқанымдай, әскер­де сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Борышымды өтеу барысында ешқандай қиындық көрген жоқпын. Керісінше, әскери өмір маған өте қызықты өтті. Сол жерден талай сырлас дос таптым. Әскери қызмет менің өмірімнің жаңа бір белесі болды. Жауынгерлік міндетім­ді атқара жүріп, осы салада талай тәжірибе жинақтадым. «Қоянды қамыс, жігітті намыс­ өлтіреді» демекші, әскерге бару­­­дан қорқудың қажеті жоқ. Сар­баздың әскерде қалай жү­ре­тіні өзін көпшілік ортада қалай ұстайтынына, мінезі мен тәрбиесіне байланысты. Адал, өтірік сөйлемейтін, кішіні сыйлап, үлкенді құрметтей біле­тін, жақсы мен жаманды ажырата алатын адам қай ортада жүрсе де, өз абыройын жо­ғалт­­пайды. Оның үстіне, қазір жауынгерлік міндеттің мерзімі бір-ақ жыл. Бір жыл деген уақыт көзді ашып-жұмғанша өтеді де кетеді. Ер жігіттердің мінезін қалыптастыратын, нағыз ерлерше шыңдайтын жер – осы әскери орта», деді кездесуде ағынан жарылған Ж.Еспен.

Аталған басқарма бас­ты­ғы­ның орынбасары, майор Ердәулет Темірбаев Жанболат­тың жетістігі әскердің ерлік мектебі ғана емес, жарқын бола­шаққа бастайтын жол дейді.

«Әр адам өмірде өз жолын тапқысы келеді. Жақсы маман атану, соның жемісін көру – өмірде сол жолыңды тап­қан­дықтың белгісі. Сондық­тан кез келген жан бала кезі­нен өзінің сүйіп таңдаған маман­дығы­ның иесі болғанды армандайды. Сол себепті, көпшілік ер-аза­мат­тар мектеп бітірген соң, тезірек жоғары оқу орнына түсуге ұм­тылады. Оқуға түсе алмай қал­са, уақытын текке кетірген­дей елес­тетеді. Ер жігіттердің әс­кер­ге баруға асықпауының бір се­­бебі осы болса керек. Мүмкін­дігі барда қолына диплом алып үл­гергенді жөн көреді. Өйт­кені уақыт өткен сайын адам тіршілікпен алданып, оқуға де­ген баяғы қызығушылық пен белсенділігі азайып қалуы мүмкін. «Темірді қызған кезде соқ» демекші, мектеп бітіріп жалындап тұрған шақта білім жолы­ның ырғағын бұзбай, жоғары оқу орнына түсіп кеткенді қалайды. Міне, қоғамның осы мәселесін ескерген мемлекет сарбаз­дар қатарына алынып, әскери борышын өтеп келген жас жауын­герлердің студент атануына үлкен жеңілдік жасап жатыр. Мемлекеттің бұл бас­тамасы – нағыз қамқорлықтың үлгісі. Көп жағдайда сарбаздар әскер­ден оралған бой­да жұмысқа араласып кетеді. Жо­ғары білім алуға құлшыныс азаяды, оған қоса ақылы негізде оқы­туға отбасылық бюджет­тің жет­пеуі мүмкін. Бұл ретте мемле­кеттің жас жауынгерлерге арнайы жеңілдік жасап, тегін грант қарастырып беруі – үлкен әлеу­меттік қолдау», деді Е.Темірбаев.

Соңғы жаңалықтар