Шымкент қалалық полиция департаментінің мәлімдеуінше, биыл 6 айда шаһарда интернеттегі алаяқтық қылмыс бойынша 300 дерек тіркелген. Қылмыстардың 30 пайыздан астамы құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің арқасында ашылған. Бүгінде қоғамда алаяқтық қылмыстар ес жиғызбай отыр. Құзырлы органдар қанша айла-шарғы жасаса да, алаяқтар алдырар емес.
Олар сол бұрынғы ескі әдеті бойынша азаматтарға құқық қорғау органы немесе банк өкілімін деп телефон арқылы қоңырау шалып, сенімдеріне кіріп, банктегі есепшотта тұрған ақшаларын ұрлап алады. Не болмаса солардың атынан онлайн-несие рәсімдейді. Бірақ полиция департаменті жанынан құрылған киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері талай қылмыстың бетін ашып үлгеріп жатыр. Олардың міндетіне интернеттің көмегімен жасалатын қылмыстардың жолын кесу, алдын алу және пәрменді күресу шарасы кіреді. Бүгінгідей цифрлық технология дамыған, адамдардың бәрі телефон шұқылап әлеуметтік желіге байланған заманда интернеттегі алаяқтардың да айы оңынан туып тұр.
Сонымен бірге киберқылмыстың ішінде танымал тұлғаларды компьютердің көмегімен сөйлету арқылы алпауыт компаниялардың акциясын сатып алуға ақша салдырған немесе өзінде жоқ тауарды арзан бағада көрсетіп, онлайн сауда арқылы алдын ала ақшасын аудартқан оқиғалар өршіп тұр. Одан қалса, бөліп төлеуге алған тауар ақшасын банктен әперем дейтіндерге алданып, сан соққан халықтың қарасы көп. Ақыры соңында не зат жоқ, не ақша жоқ, екі ортада алаяқтарға сенген жұрт зар илеп жүр. Бұндай қылмыскерлердің де талайының қолына полиция департаментінің арнаулы тобы кісен салды.
«Алаяқтық тәсілдерді әбден жаттап алғанбыз. Олар кез келген құрбанына телефон шалып, «Пошта бөлімшесіне келген затыңызды алып кетіңіз, болмаса телефон картаңыздың мерзімі өтіп барады, қайта жаңартып қою керек» деген әртүрлі сылтаумен телефонға түскен SMS кодты біліп алады. Сөйтіп, артынша құқық қорғау органының немесе банк қызметінің өкілі ретінде хабарласып, сіз алаяқтардың шабуылына тап болдыңыз деп қорқытып-үркітіп әлгі адамның есепшоттағы бар ақшасын сыпырып алады. Үстінен онлайн-несие рәсімдеп, тіпті жылжымайтын мүлкіне дейін сатқызып, ақшасын иемденіп кетеді. Сосын алданған адам қайда барады? Сасқанынан жарнамасынан көз сүрінетін жалған адвокат, заңгерлердің қызметіне жүгінеді. Жалған дейтін себебіміз, олар да – алаяқтардан өткен қылмыскерлер. Олардың мақсаты өздерін маман ретінде танытып, клиентке жаны ашығансып, айырылып қалған ақшасын қайтарып беруге уәде етеді. Бірақ көкейінің ар жағында қызметақысы үшін клиентті алдап ақшаларын алып, соңында ұшты-күйлі жоғалып кету пиғылы тұрады. Қазір адамдардың басым бөлігі қылмыскерлерге алаяқтықтың осы тәсілдері бойынша алданып қалып жатыр. Жас ерекшелігіне келсек, құрбандардың көбі орта жас пен егде жастағы кісілер. Сосын олардың арасында мұғалім, дәрігер, зейнеткерлер мен жұмыссыз жүрген азаматтар көп», дейді Шымкент қалалық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Алишер Айсаев.
Осы ретте полиция өкілі алаяқтардың құрығына түсіп қалмас үшін әрбір азаматтың құқықтық және қаржылық сауаты болуы шарт екенін алға тартты. Әсіресе қаржылық сауаттылық – киберқылмыскерлерге қарсы тұратын иммунитет, солардың шабуылынан қорғанатын қалқан. Бұл ретте тәртіп сақшысы бірнеше қарапайым ережені атап өтті. Біріншіден, жеке деректерді телефон арқылы ешкімге айтпау керек. Мейлі, ол адам өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілімін десе де. Өйткені жеке деректерді бөгде кісілердің сұратуға хақысы жоқ. Клиенттердің барлық дерегі банкте тұрады. Сондықтан олар қажет болса, өздерінен-ақ ала алады. Сосын атыңызға несие ресімделіп жатыр, есепшотыңыз бұғатталды деген сөздерге сенудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайда адамдар абдырап қалмай, тұтқаны қоя салып, банктің өзінен жеке деректері туралы мәліметті білсе болады. Банк қызметкері ешқашан клиенттен телефон арқылы банктік картаның нөмірін, кодын немесе SMS кодты сұрамайды. Алда-жалда біреу хабарласып сұрап жатса, тұтқаның ар жағындағы адамның алаяқ екенін біле беру керек.
Онлайн сауда желісінде арзан тауардан сақ болған жөн. Егер саудагер алдын ала төлем сұраса, ондай сатушыдан ат-тоныңды ала қашу керек. Себебі ақшаны алып болған соң, онлайн сауда желісінде клиентпен байланыс шорт үзіледі. Сондықтан толық төлемді тауарды нақты қолға алған соң жасаған ләзім. Сонымен бірге осы күнде алаяқтар адамдарды қаржы пирамидаларына тартып, жымысқы әрекеттерін іске асырып жатыр. Олар клиенттерге жоғары пайызды табысқа кенелтеміз деп құрғақ уәдеге тойдырады. Олардың сөзіне иланған адамдар жиған-терген ақшасын қалай алаяқтарға өз қолдарымен тапсырғанын сезбей қалады. Тіпті несие алып, үйін, бар мүлкін сатып, ақырында далада қалған жандар да бар. Сол үшін жоғары пайызды табыс деген шынайы өмірде ешқашан болмайтын құбылыс екенін ұғынатын кез келді.
Қызметін Ұлттық банк реттейтін екінші деңгейлі банктердің өзі жылдық 10 пайыздық қана табыс қояды. Осы күнде Шымкентте бірнеше қаржылық пирамида бойынша алаяқтық қылмыстар тіркелді. Бір өкініштісі, жыл сайын олардың қатары көбейіп барады. Алданған клиенттердің бәрі ай сайын пайызы жоғары табысқа кенелесіз деген уәделерге сеніп қалған. Сол үшін әп-сәтте байып шыға келемін дегені шынайы экономикалық жағдайда ешқашан жүзеге аспайтын қиял екенін санаға әбден құйып алу қажет. Ең соңғысы интернетте, әлеуметтік желілерде жеке деректерді, мәселен ЖСН мен басқа да құжаттық мәліметтерді бөлісуде сақтық шараларын ұмытпаған жөн.