Шымкент қаласындағы әскери қатынастар комендатурасы гарнизондағы әскери бөлімдердің жеке құрамы үшін әскери техника мен жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау бойынша көрсетілімдік сабақтар ұйымдастырды. Сабақтың мақсаты – әскери қызметшілерді әскерді қайта орналастыру, техниканы теміржол платформалары мен вагондарға тиеу, тасымалдау және сақтау ережелеріне үйрету.
Сабақтың практикалық бөлігі үш оқу нүктесінде жүргізілді. Әскери комендант, подполковник Асхат Асқарұлының басшылығымен жеке құрамға техниканы күзетуге тағайындалған қарауылдың міндеттері, әртүрлі жағдайда әрекет ету тәртібі, сондай-ақ әскери жүктерді тасымалдау кезінде оларды күзетудің ерекшеліктері түсіндіріліп, көрсетілді. Сондай-ақ комендатура офицерлері қатысушыларға жол жүру құжаттарын ресімдеу тәртібін және теміржол стансаларында аялдау ережелерін түсіндірді.
«Сабақ барысында басты назар техниканы платформаларға тиеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарына, оны дұрыс бекіту мен жасыру ережелеріне аударылды. Мұндай сабақтар әскердің жауынгерлік даярлығын арттыруға және бөлімшелерді қайта орналастыру мен техниканы тасымалдау барысында болатын кідірістерді болдырмауға ықпал етеді. Әскери қызметшілер қажетті тәжірибе жинақтап, барлық қызықтырған сұрақтарына жауаптар алды. Қойылған міндеттер толық орындалды», деді подполковник Асхат Асқарұлы.
Сабақ барысында автокөліктерді теміржол платформалары мен вагондарға тиеу мен түсіру, техниканы бекіту және оны бүркемелеу жұмыстары көрсетілді. Ерекше назар аударарлық жайт – көшпелі қарауыл ұяшықтарының заманауи жабдықталуы болды. Енді ол күн панельдерімен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, әскери нысандардың жаңаша жабдықтауға көшуі – бүгінгі заман талабы. Әлемде әскери модернизация өріс алып жатыр. Қазіргі технология дамыған қоғамда бұл сала да көштен қалмау керек. Себебі жаңа дәуірмен қабаттасып өркендеу қорғаныс саласына жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Ғалам үлкен өзгеріс алдында тұр. Бүгінде цифрлық технология, роботтехника, жасанды интеллекет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Ендігі жерде келешекті бұл технологияларсыз елестету мүмкін емес. Өз кезегінде әскер саласына да роботтандырылған техникалар мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу үрдісі басталды. Әлемде бүгінде болып жатқан түрлі қақтығыс заманауи техникаға сүйенген әскердің қандай мүмкіндігі жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан мамандар еліміздің әскери күш-қуаты жаңа технологиялармен жабдықталуға тиіс екенін айтады. Ал оларды меңгерген сарбазды тәрбиелеудің де маңыздылығы өте жоғары. Қазіргі заманғы қазақ жасағының әскери дайындығы физикалық дене тәрбиесімен бірге ең соңғы үлгідегі техникаларды игерген ақыл-ой парасатымен де өлшенуге тиіс. Осы талап үдесінен шықпай, мықты әскер жасақтау мүмкін емес. Міне, осы мақсатқа орай мегаполистегі әскери бөлімдердің жауынгерлерін техникаларды меңгеруге, оларды тасымалдап күтіп ұстауға үйретіп жатыр. Сонымен бірге Алтайдан Атырауға дейінгі атырапты алып жатқан кең даланың бір қиырынан екінші шетіне әскерді жеткізу үшін де әлеуетті логистика қажет. Ал техника тасымалдаудың мүмкіндігін іске асыратын, әрине, теміржол қызметі. Сол себепті, техниканы жылдам әрі тиянақты түрде вагондар мен платформаларға тиеу арнайы дайындықтан өткен жасақтың басты міндеті болып саналады. Техника тиейтін жауынгерлерді осы бір күрделі іске баулып, шеберлігін шыңдау – әскери қызмет мамандарының негізгі жұмысы. Олардың айтуынша, әрбір техника бағалы. Сондықтан оны күтіп ұстау, тасымалдау кезінде сақтық шараларына көңіл бөліп, барлық қауіпсіздік ережелерін бұлжытпай орындау – әрбір жауынгер мен қорғаныс саласы қызметкерлерінің айнымас парызы. Осы орайда тиісті әскери бөлім бүгінгі таңда әлемнің әр түкпірінде болып жатқан қарулы қақтығыстарды ескере келе, әскери жаттығулардың барынша шынайы жағдайға жақын болуына назар аударып отыр.
Әскери сарапшылардың пікірінше, бүгінде майдан даласында ұрыс жүргізудің әдіс-тәсілі толықтай өзгерген. Бұрынғыдай адам санымен жауды жеңу стратегиясы қазір ескірген. Осы күнде заманауи әскери техника мен белгіленген нүктеге жылдам әрі дәл түсетін атыс қарулары жеңіске бастайды. Мұнымен қоса, жоғарыда айтылып өткендей, шайқас алаңына үздіксіз қару құралдары мен техникаларын жеткізіп тұру үшін логистика өте маңызды рөл ойнайды. Жау шебін жалаңаш қалдырмау осы әскери тасымал саласының мүлтіксіз қызметіне байланысты. Осы себепті гарнизон басшылығы сарбаздардың өз міндетін сапалы атқаруға барынша көңіл бөледі. Сол үшін жыл сайын көптеген әскери жаттығу тұрақты өткізіліп тұрады. Бұл шынайы жанжал туындай қалған жағдайда жауынгерлердің аспай-саспай, өз жұмысын мінсіз әрі кәсіби тұрғыда атқаруы үшін қажет.
Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттің қорғаныс саласын күшейтіп жатқаны қуантады. Осы тұста жаңа қару мен техникалар сатып алудан бөлек, оларды өзімізде жасауға ден қоя бастағанымыз көңілге медет сыйлайды. Қай елдің әскери өнеркәсіптік кешені өркендесе, соның әскері мықты деген сөз. Яғни шынайы соғыс жағдайында сырттан әкелген қаруға сүйеніп отыру мүмкін емес. Отандық әскери технология мен өнеркәсіп саласы дамымаса, жеңіс туын желбірету қай елге болса да қиын.
Ал мақаланың басында айтып өткеніміздей, қарауыл ұяшықтарының күн панельдерімен жабдықталып, тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етілуі Қазақстан әскерінің заманауи даму жолына қарай бағыт алғанын айғақтайды.