• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Халық 31 Шілде, 2025

Этносаралық үйлесім үлгісі

20 рет
көрсетілді

Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтық келісімді нығайту және этносаралық қатынастарды дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырып келеді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 95%-дан аса респондент елдегі этносаралық қарым-қатынасты тұрақты әрі қолайлы деп сипаттаған.

Этносаралық қатынастар сала­сындағы мемлекеттік саясатты іске асыру аясында жыл басынан бері республика өңірлерінде ақпараттық-түсіндіру топтары белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың қатысуымен азаматтардың құқықтық және этно­саяси сауаттылығын арттыруға бағыт­талған 2 мыңнан аса оқыту және алдын алу іс-шарасы өткізілді.

Этномедиация институтын дамы­туға ерекше көңіл бөлініп келе­ді. Елімізде кәсіби медиаторлар, заңгер­лер, педагогтар, психологтер, дінтану­шылар, журналистер мен қоғам бел­сенділері кіретін 20-дан аса ор­талық пен кеңес жұмыс істейді. 2025 жылдың алғашқы жартысында олар 500-ге жуық іс-шара өткізіп, оған 22 мыңнан аса адам қатысқан.

Биылдан бастап елдегі 14 жо­ғары оқу орнында журналистика мамандығы бойынша оқитын студенттерге арналған «Этносая­си сауаттылық» атты жаңа пән ен­гізілді. Бұл журналистердің медиа кеңістікте этностық тақырыптарға жауапкершілікпен қарауға, тұрақты мәдениетті қалыптастыруға сеп ықпал етеді.

Этносаралық қақтығыстардың алдын алу бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі белсенді рөл атқарады. Бүгінде 1 700-ден аса осындай ұйым жұмыс істейді. Олар адамгершілік құндылықтарды насихаттауға және отбасылық тәрбиені нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асырады. Сонымен қатар жарты жыл ішінде 300-ден аса мәселені қарастырып, 200-ден аса ұсыныс жасаған Ақсақалдар кеңесі де тиімді жұмыс істеп жатыр.

«Жомарт жан» орталықтарында 340-тан аса меценат, волонтер мен қоғам қайраткері бірігіп, қайырымдылық бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар жыл басынан бері 500-ден аса іс-шара ұйымдастырып, жалпы сомасы 304 млн теңгеден аса көмек көрсеткен.

Азаматтық жауапкершілік мәде­­ниетін қалыптастыруға эколо­гиялық акцияларға қатысушылар да айтар­лықтай үлес қосып келеді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында 300 мыңнан аса этномәдени бірлестік өкілдері, жастар мен волонтерлер қатысқан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.