Қытай Коммунистік партиясы табиғи апат салдарын жою және зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында партиялық жарналар есебінен 140 миллион юань (шамамен 19,6 миллион АҚШ доллары) бөлген. Қаржы Қытайдың тоғыз өңіріне, соның ішінде Бейжің қаласына бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Елде табиғи апаттың салдарын жоюға бағытталған ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Құтқару операцияларына полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің мәліметінше, полицейлер 101 мың тұрғынды қауіпсіз жерге көшіріп, табиғат апаты салдарынан тұзақта қалған 1 800-ден астам адамды құтқарған.
Министрлік жергілікті бөлімшелерге, әсіресе зардап шеккен аймақтарда, тиісті құрылымдармен бірлесе отырып, жедел көмек көрсету, жасырын қауіп-қатерлерді анықтау, көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарын күшейтуді тапсырған. Бұл әсіресе уақытша орналастыру пункттері, қоймалар, медициналық бекеттер мен баспана беру орындарында маңызды екені атап өтілді.
Соңғы күндері Қытайдың шығыс, солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарында толассыз жауған нөсер жауын салдарынан су тасқыны тіркелді. Бейжіңде күшті жауын-шашын салдарынан 30 адам қаза тапты. Салдарынан жолдар бүлініп, электр қуаты үзілген.
Табиғи апаттың күшеюіне байланысты жалпы 80 332 адам эвакуацияланған. Қайғылы оқиғалар негізінен Қытай астанасының солтүстік тау аймақтарында орын алған.