Осыдан бір жыл бұрын басталған ЛГБТ насихатына қарсы петиция қоғамда кең талқылау тудырған болатын. Осыған орай арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Зерттеу нәтижелері жастар мен ата-аналар арасындағы алаңдаушылықты, сондай-ақ цифрлық кеңістіктің жасөспірімдерге әсерін анық көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сауалнама қорытындысына сәйкес, респонденттердің 84,2%-ы мемлекет тарапынан дәстүрлі құндылықтарды қорғау бағытында қабылданып жатқан шараларды қолдайды. Сонымен қатар, 67,3%-ы ЛГБТ насихатын заңмен шектеуді дұрыс деп санайды, ал 79,8%-ы оны жастар үшін қауіп ретінде көреді.
Зерттеуге сәйкес, ЛГБТ тақырыбына қатысты ақпараттың басты көзі – әлеуметтік желілер болып отыр. 63,7% респондент ЛГБТ туралы мәліметті тікелей әлеуметтік медиа арқылы алатынын айтқан. Ал 29 жасқа дейінгі жастардың 73,2%-ы интернетті негізгі ақпарат арнасы ретінде атап өткен.
Мамандардың айтуынша, жасөспірімдердің ЛГБТ тақырыбындағы контентті жиі тұтынуы олардың жыныстық және гендерлік өзін-өзі тануына теріс әсер етуі мүмкін. Мұндай жасөспірімдерде көбіне ішкі қайшылық, алаңдаушылық және дискомфорт сезімдері пайда болады. Сонымен қатар, ақпараттық кеңістікте жас ерекшеліктері ескерілмеген мазмұнның көп болуы жеке тұлғаның қалыптасуына кері әсер етеді.
Балаларға арналған мультфильмдер, кітаптар мен сериалдар арқылы бейсаналы түрде берілетін ЛГБТ символикасы жасөспірімдер арасында тұрақтылық пен болашаққа сенімнің әлсіреуіне себеп болуы мүмкін.
Респонденттердің жартысынан көбі ЛГБТ насихатының кәмелетке толмағандардың физикалық және психоэмоционалдық дамуына теріс әсер ететініне алаңдайды. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысушылар туу көрсеткішінің төмендеуі (42,8%), отбасылық институттың әлсіреуі (42,8%) және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуы (37,2%) сынды қауіптерге назар аударған.