• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Кеше

Жоғалған экипажды табу үшін бар күшімізді саламыз - Қорғаныс министрі

60 рет
көрсетілді

ҚР Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов 25 шілдеде жоғалып кеткен Әуе қорғанысы күштеріне тиесілі EC-145 тікұшағын іздеу жұмыстарының жүргізілу барысымен танысты. Іздестіру операциясы Сорбұлақ көлінде жүріп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов министрге іздеу жұмыстарының нақты жағдайын баяндап, бұл аумақтағы табиғи және техногендік жағдайлардың іздеу үдерісін қиындатып отырғанын атап өтті. Көл түбінің шөгінді құрылымы, тереңдіктің өзгермелілігі және судың лайлығы арнайы техникаларды толық қолдануды, сондай-ақ операцияға қатысушылардың үйлесімді әрекетін талап етеді.

«Іздеу жұмыстарына су асты рельефі мен түбінің шөгінді, тереңдігінің өзгермелі және судың лай болуы кедергі келтіруде. Алайда, 25 шілдеде жоғалып кеткен Әуе қорғаныс күштері EC-145 тікұшағының бортында болғандардың қай жерде екенін анықтау бойынша ауқымды іздеу-құтқару операциясы күндіз де, түнде де тоқтамайды», деді Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы.

Сорбұлақтағы іздеу аймағында Қорғаныс министрі жоғалған әуе қызметкерлерінің жақындарымен жүздесті. Министр оларды қолдап, барлық күш-құралдың жұмылдырылғанын, іздеу жұмыстары тоқтамай жалғасатынын жеткізді.

«Біз соңына дейін әрекет етіп, іздеуді жалғастырамыз.  Жақын туыстарына жан-жақты қолдау көрсетіледі, күн сайын байланыстамыз. Қайғылы жағдайдың себептерін анықтау және жоғалғандарды табу үшін бар күшімізді саламыз», деді Қорғаныс министрі.

Тікұшақ экипажының командирі Үйсенбай Нұржігіттің ағасы Медет Ержігіттің айтуынша, туыстары күн сайын таңнан кешке дейін іздеу аймағында жүреді. Олар іздеу тобының қатарында көлді жаяу және көлікпен аралап, әуеден бақылау жүргізу арқылы тікұшақты су астынан көру мүмкін еместігін өз көздерімен көрген.

Естеріңізге сала кетейік,  іздеу-құтқару операциясына 400-ден астам адам, кинологиялық топтар, 70-тен аса техника, 21 жүзу құралы, 10 ұшқышсыз ұшу аппараты, эхолоттар мен суасты сканерлеу құрылғылары тартылған.

Соңғы жаңалықтар