Жуырда Марокконың Рабат қаласында Халықаралық әлеуметтану қауымдастығының (ISA) ұйымдастыруымен «Knowing Justice in the Anthropocene» атты 5-форумы өтіп, онда Антропоцен дәуірінің негізгі сын-қатерлері талқыланды. Оған еліміз атынан Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, әлеуметтану докторы, профессор Айгүл Забирова мен осы институттың қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің басшысы Салтанат Ермаханова қатысып, баяндама жасады.
V Мохаммед университетінің базасында өткен форумда 100-ден аса елден келген 4 200-ден аса зерттеуші ғаламдық ортақ мүдде аясында бас қосты. Әлемнің жетекші әлеуметтанушылары климаттық әділет, технологиялық даму, әлеуметтік тұрақтылық сияқты Антропоцен дәуірінің негізгі сын-қатерлерін кеңінен талқылап, тиімді шешімдерін қарастырды.
ISA – ЮНЕСКО қолдауымен құрылған және БҰҰ-да тіркелген халықаралық ғылыми қауымдастық. Ал биылғы форум алғаш рет Африка құрлығында ұйымдастырылып отыр. Бұл жолғы жиынның күн тәртібіндегі өзекті мәселесі ретінде «Антропоцен жағдайында әділеттілікті тану» тақырыбы бекітіліпті. Антропоцен – адамзаттың климат пен табиғи ортаға ықпалы шешуші рөлге ие болған жаңа геологиялық дәуір ретінде қарастырылады. Ұйымдастырушылар әділет ұғымын тек зерделеп қана қоймай, оны түбегейлі өзгерістер жағдайында қайта пайымдау қажеттігін негізге алған. Әсіресе «Ресурстар сарқылған әлемде әлеуметтік әділет қандай болуы керек?» және «Экологиялық әділет пен әлеуметтік әділет қалай тоғысады?» деген сұрақтар форумның басты тақырыптарының біріне айналды.
Президент жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, профессор Айгүл Забированың айтуынша, ISA форумдары әр төрт жыл сайын, әлеуметтану конгрестерімен кезектесіп өткізіледі. Мұндай іс-шаралар зерттеушілер үшін білім мен тәжірибе алмасудың, жаңа ғылыми байланыстар орнатудың және пәнаралық диалогтің маңызды алаңы болып отыр.
– Біз, ҚСЗИ сарапшылары форум аясында екі мазмұнды баяндама ұсындық. Мен «Әлеуметтік технологиялар және әлеуметтанулық тәжірибе» 26 зерттеу комитеті ұйымдастырған «Қақтығыстар. Қауымдастықтар. Антропоцентрлік технологиялар дәуіріндегі әлеуметтік өзгерістер» сессиясында сөз сөйледім. Оның «Қазақстандағы құндылықтық бағдарлардың картографиясы» атты баяндамасы 8 мыңнан аса респондент қамтылған әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне негізделген. Зерттеу демографиялық ерекшеліктерден гөрі әділет, еркіндік, мемлекет рөлі мен сенім сияқты терең құндылық жүйелерін саралауға бағытталған. Баяндамамда сондай-ақ кластерлік талдау әдістері арқылы әзірленген құндылықтар типологиясын ұсындым. Бұл тәсіл біздің қоғамның әлеуметтік құрылымын дәстүрлі жас, өңірлік немесе этностық шеңберден тыс пайымдауға мүмкіндік берді, – дейді А.Забирова.
Ал ҚЗСИ қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің басшысы Салтанат Ермаханова «Жергілікті-жаһандық қатынастар әлеуметтануы» 01 тобы өткізген «Гибридті шындықтағы әлеуметтік және саяси қатынастардағы болашақ бейнесі» сессиясында «Жастар болашақты қалай елестетеді?» тақырыбында баяндама жасапты. Ол 18-29 жас аралығындағы жастар арасында Қазақстанның 20 жылдан кейінгі болашағына қатысты жүргізілген зерттеу нәтижелерін ортаға салған.
– Фокус-топтарда қатысушылар елдің болашағын жануар, спорт түрі, экономикалық сала, мамандық, ғимарат, музыка жанры, ағаш, түс және мемлекеттік белгі сынды символдармен сипаттады. Дискурс-талдау нәтижелері жастардың болашақты кәсібилікпен, біліммен және жоғары технологиялармен байланыстыратынын көрсетті. Бұл – елдің ғылыми-технологиялық даму бағытына деген жастар сұранысын айқын байқатады. Баяндамамда стратегиялық жоспарлау мен мемлекеттік саясатта жастардың үні мен ұстанымын ескеру маңызды екенін атап өттім, – дейді С.Ермаханова.
Форум қатысушылары екі баяндаманы да қызығушылықпен қабылдапты. Олар мәдени бағдарлар, саяси белсенділік және орнықты даму арасындағы өзара байланысты зерделеуге арналған жаһандық пікірталастар аясында ерекше маңызға ие. Қазақстан әлеуметтік өзгерістер кезеңіндегі тарихи-мәдени мұрасы бай, серпінді қоғам ретінде халықаралық сарапшылар назарына кезекті мәрте ілікті.