Ұлыбритания тұрғындары елдің Еуроодаққа қайта қосылуын қолдап отыр. Жалпы кез келген мемлекет экономикалық, әлеуметтік-саяси қатынастар бойынша туындайтын мәселелердің, міндеттердің шешімін табуда бірлесіп, халықарaлық күш жұмылдыруға ұмтылады. Мұның артықшылығын британдықтар мойындаған сыңайлы. Өйткені бес жыл бұрын қабылданған Brexit уәделері әлі де орындалмай келеді.
Экономика құлдырады
Жыл басында жүргізілген YouGov сауалнамасына сәйкес, британдықтардың 62 пайызы Brexit-ті сәтсіз қадам деп санап, Еуроодаққа қайта мүше болуды қолдайтынын айтқан.
Еске салсақ, Ұлыбритания 5 жыл бұрын Еуроодақтан ресми түрде шықты. 2016 жылдың маусымында өткен референдумда халықтың 51,9 пайызы Brexit-ті қолдап дауыс берді. Еуроскептиктер ЕО-ға мүше болу елге тым қымбатқа түсетінін халықтың есіне жиі салып отырды, сондай-ақ мигранттардан мезі болған тұрғындар елдің көші-қон саясатына риза болмай, одақ елдерінен шығуға қарсылық білдірмеді. Соның ішінде Британия (Лондонды қоспағанда) және Уэльс Brexit үшін дауыс берді, ал Шотландия мен Солтүстік Ирландияның тұрғындары қарсы болды. Олар бұл шешім экономика мен өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеледі деп есептеді. Осылайша, Brexit Ұлыбританияны екіге бөлді.
Бұл бастаманы көтерген «Ұлыбританияны реформалау» оңшыл популистік партиясының негізін қалаушы және жетекшісі Найджел Фарадж болды. Оны бұрынғы премьер-министр Борис Джонсон мен Әділет министрі Майкл Гоув жақтады. Жалпы, Brexit-ті сол кездегі басқарушы Консервативтік партиясы да қолдады, алайда оның жетекшісі, сол кездегі премьер-министр Дэвид Кэмерон, сондай-ақ британ үкіметінің басқа екі бұрынғы көшбасшысы – лейбористер Тони Блэр мен Гордон Браун Еуроодақты жақтады.
Cambridge Econometrics зерттеуіне сүйенсек, ЕО-дан шыққалы Ұлыбритания экономикасы 2023 жылға қарай 6 пайызға құлдыраған. 2021 жылдан 2023 жылға дейін ел тауарларының ЕО-ға экспорты 27 пайызға қысқарып, импорт 32 пайызға төмендеген. Одаққа жіберілетін британдық өнімдердің ассортименті де 1 645 тауар түріне қысқарған. 2020 жылы Ұлыбританияның ІЖӨ-сі 10,3 пайызға төмендеген. Brexit Ұлыбританияға 140 млрд фунт стерлингке шығын келтірген. Орташа өмір сүретін британдық шамамен 2000 фунт жоғалтқан.
Сарапшылар 2035 жылға қарай шығын 311 млрд фунт стерлингке немесе экономиканың 10 пайызына жетуі мүмкін дейді. Сол уақытқа дейін елде 3 млн жұмыс орны да азаяды, ал инвестиция 32 пайызға, импорт 16 пайызға азаймақ.
Британдық өнеркәсіптік кәсіпорындардың Еуропада өнімдерін сатуы қиындай түскендіктен, Brexit нақты секторға қатты әсер етті. Егер 2015–2019 жылдары ел өнеркәсібі 4,3 пайызға өссе, 2020–2023 жылдары 1,8 пайызға қысқарған. «Мәселен, 2022 жылы британдық автокөлік өнеркәсібі бар болғаны 775 014 көлік құрастырған, бұл 1956 жылдан бергі ең төменгі жылдық көрсеткіш», деп жазды The Guardian. Өндіріс көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 9,8 пайызға, 2019 жылмен салыстырғанда 41 пайызға төмендеген. Дегенмен ауыл шаруашылығы өндірушілері аздап болса да пайда көрген. Ауыл шаруашылығы 2019 жылдан 2,2 пайызға өскен.
Британдықтардың Brexit-ке дауыс беруінің бір себебі олар үшінші елдерден бақылаусыз ағылған миграттардан қорықты. Brexit миграцияны ретке келтіруге уәде берді. Бірақ ЕО-дан шығу бұл жағдайды айтарлықтай өзгерте қоймады. 2020 жылдан бастап, керісінше, Азия және Африка елдерінен жұмыс визасын алушылардың саны күрт өсті: 2019 жылдан 2023 жылға дейін сәйкесінше 2,8 және 9,8 есе еселенді. Африка елдері арасында 2024 жылдың алғашқы үш тоқсанында ең көп жұмыс визаларын Нигерия (21 473), Зимбабве (15 610) және Гана (8 027) азаматтары алды. Азия елдері арасында Үндістан (69 028), Пәкістан (29 610) және Филиппин (18 410) көш бастап тұр. Ал Brexit-ке дейін ЕО азаматтары Ұлыбританияда еркін тұрып, жұмыс істей алатын, енді оларға да жұмыс визасын алу міндеттелді. 2024 жылы Францияның 4 192, Германияның 3 131 және Италияның 2 449 азаматына жұмыс істеуге рұқсат берілді.
2023 жылдың қаңтарында жарияланған Centre for European Reform және UK in a Changing Europe бірлескен зерттеуіне сәйкес, ЕО еңбек мигранттарының айтарлықтай қысқаруынан көлік, қойма, сауда, қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану секторлары қатты зардап шекті, 330 мың жұмыс күшінің тапшылығына әкелді.
Ұлыбритания ЕО-ға қайта орала ма?
NatCen Social Research әлеуметтанушысы Джон Кертис ВВС-ге ЕО құрамына қайта енуге Ұлыбритания да, Еуроодақ та дайын емес деген пікірін білдірді.
«Қазір Brexit нәтижелеріне қанағаттанбау негізінен иммиграцияның қарқынды өсуімен, экономиканың баяулауымен, мемлекеттік қызмет көрсету сапасының төмендеуімен және денсаулық сақтаудағы дағдарыспен байланысты болып отыр. Билік жағдайды түзету үшін шаралар қабылдап жатыр. Егер олар нәтижеге қол жеткізсе, Brexit елдегі дағдарыстардың бір себебі ретінде ұмытылады», деп жазады Ұлыбритания зерттеушілері UK in a Changing Europe баяндамасында.
Тағы бір мәселе – ЕО Ұлыбританияның одаққа қайта қосылуын қолдай ма?
«Бұл екіталай. Экономикалық жағынан британдықтар ғана өзгерісті қалайды. Ал ЕО қазіргі жағдайға өте риза. Менің ойымша, Еуропа одағы Ұлыбританияның одаққа оралуы туралы келіссөздерді бастамас бұрын, саясаткерлер мен Ұлыбританиядағы қоғамдық пікірде еуропалық мәселе бойынша тұрақты консенсус болғанша күтеді», дейді UK in a Changing Europe сарапшысы Ананд Менон.
Негізі Еуропа билігі кезінде одақтан шыққан Ұлыбританияның соңынан басқа елдер де еріп, шыға бастайды деп қауіптенді. Бірақ бұл пессимистік болжамдар орындалмады. Есесіне тоғыз ел – Албания, Босния және Герцеговина, Грузия, Молдова, Солтүстік Македония, Сербия, Украина және Черногория ЕО мүшелігіне енуге келіссөздер жүргізіп жатыр.
Ал Дональд Трамп АҚШ-ты ЮНЕСКО құрамынан шығару туралы шешім қабылдады. Себебі ұйым америкалық мүдделерге сай келмейтін бастамаларды қолдап отыр.
«Президент Д.Трамп АҚШ-ты ЮНЕСКО-дан шығару туралы шешім қабылдады. Ұйым ақылға қонымды саясатқа толығымен қайшы келетін прогрессивті, алауыздық тудыратын мәдени және әлеуметтік бастамаларды қолдады», деді Ақүй баспасөз хатшысының орынбасары Анна Келли «New York Post» газетіне берген сұхбатында.
Елімізді айтар болсақ, өткен жылы 6 халықаралық ұйымға төрағалық еттік. Тәуелсіз ел болғалы БҰҰ, ШЫҰ, ДСҰ, ҰҚШҰ секілді ұйымдардың құрамына ендік. Жалпы, Ұлыбританияның мысалында көріп отырғанымыздай, халықаралық ұйымдарға мүше болудың артықшылығы басым.