Елордадағы М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Шығыс Қазақстан облыстық «Ассамблея жастары» театрының «Құтқар мені» атты спектаклі қойылды.
2023 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты белсенділерінің бастамасымен құрылған жас театр Шығыс Қазақстанда ғана емес, еліміздің бірқатар өңірінде айрықша шығармашылық бастамасымен танылып келеді.
«Qutqar meni» қойылымы – жастар арасында кең таралған нашақорлық пен құмар ойындарға тәуелділік (лудомания) секілді күйіп тұрған мәселелерді арқау еткен әлеуметтік-драмалық туынды. Труппаның басым бөлігі өрімдей жастар болғанымен, көтерген мәселесінің жүгі ауыр. Жас күнінде аяғын шалыс басып, нашақорға айналып, маңдайын тау мен тасқа соғып өкінген кейіпкерлер көрермендер көзіне еріксіз жас толтырды. Сондықтан да болар, қайта-қайта ұзақ қол шапалақтап, қошемет көрсеткені – жас труппаның шебер еңбегінің бағасы дер едік.
– Жастарды нашақорлықтан сақтап, тәрбиелік мәні зор дүние болсын деп осы спектакльді дүниеге әкелдік. Актерлік құрам – жасөспірімдер мен жастардан жасақталған. Әлеуметтік ортада не болып жатқанын көпшілік біле бермейді. Сол шындықты көрерменге театр арқылы жеткізгіміз келді,– дейді «Ассамблея жастары» театрының көркемдік жетекшісі Үкілай Тұрарбек.
Театр ұжымы өнегелі қойылым арқылы қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге назар аудартып, жастардың жауапкершілік сезімін қалыптастыруды, әлеуметтік ортада моральдық-этикалық нормаларды насихаттауды мұрат тұтқан. Расында, есірткінің кесірінен талай жастың өмірі өксіп, құрдымға кетіп жүргені жалған емес. Кейбірі өмірін ерте аяқтаса, кейбірі өмірлік күнтізбесін айқындай алмай күйзеліске түседі.
Айта кетейік, театр ұжымы алдағы уақытта да елеулі қойылымдарымен көпшілік алдына шығуды жоспарлап отыр.