Ел Үкіметі газ саласын дамытуға тың серпін беріп, жаңа инвестициялар тартуға ниетті. Президенттің елімізді толық газдандыру туралы тапсырмасына сай, бұл салада жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, негізгі мақсат – еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін көгілдір отынмен қамтамасыз етіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, деп жазады Egemen.kz.
Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан басты жобалардың бірі – «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры. Қазіргі таңда оның екінші, үшінші және төртінші кезеңдерін салу жоспарланып отыр. Газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық құбырының екінші желісін тарту көзделген. Жаңа желінің қуаты – жылына 15 миллиард текше метр. Ал алғашқы кезең аясында үш бірдей компрессорлық стансамен жабдықталатын, 1 450 шақырымға созылатын газ құбыры салынып жатыр. Бұл құрылыс 2026 жылы аяқталады деп күтіледі.
Үкімет бұған қоса, шекаралас елдермен келіссөздер жүргізіп, сырттан газ импорттау мәселесін де назарда ұстап отыр. Бұл – әсіресе Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары үшін маңызды қадам.
Алайда, газ саласын дамыту тек инфрақұрылыммен шектелмейді. Олжас Бектеновтің айтуынша, бұл салаға инвестиция тарту үшін баға саясаты да теңгерімді болуы қажет.
«Біздің ішкі нарықтағы газ бағасы әлемдік нарықтан әлдеқайда арзан, сондықтан біз бірқалыпты, бұрмаланбаған жағдай туғызу мақсатында бағаны біртіндеп көтерілуін қадағалайтын боламыз. Сонда газ саласы инвестициялық тартымды болып, дамитын болады», деді Үкімет басшысы.
Жалпы, еліміздің газдандыру саясаты – экономикалық тиімділік пен әлеуметтік маңыздылықты қатар ұстанған ауқымды бағдарлама. Алдағы жылдары оның нақты нәтижесін көруіміз бек мүмкін.