Атырау облысында түрлі үлгідегі гипсокартон өндіретін зауыт электр қуаты мен логистика мәселелерінен зардап шегіп отыр. Осының салдарынан шығынға ұшыраған, деп жазады Egemen.kz.
Зауыттың жағдайын Атырау облысы Индер ауданына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров көріп келді. Оның айтуынша «ИСИ Гипс Индер» гипсокартон өндіру зауыты қазір шығынға батып отыр.
Аталмыш зауыт өңірдегі ірі өндірістік кәсіпорынның бірі. Мұнда түрлі үлгідегі гипсокартон - ылғалға, отқа төзімді және стандартты гипсокартон өндіріледі. Сондай-ақ кәсіпорын гипс, құрылысқа арналған гипс бұйымдарын, әктас және бор шығарып, өңдейді, жабдықтарды жөндеп, техникалық қызмет те көрсетеді, бұған қоса электр энергиясын өндіреді. Қазір зауытта 125 адам еңбек етеді, жыл сайын өндіріс көлемі 5,8 миллион шаршы метр гипсокартонды құрап отыр.
Зауыт директоры Жолдас Өмбетияровтың айтуынша, электрмен тұрақсыз қамтамасыз етілуі басты мәселе болып отыр. Кәсіпорын апта бойы жарықсыз қалады, бұл өндірістің тоқтауына және жабдықтың істен шығуына әкелген.
«Әкімдік өңірдегі электр энергиясының жетіспеушілігін айтып отыр. Электр жарығы сөндірілген сайын біз шығынға ұшыраймыз. Техника істен шығып, өндіріс қарқыны бәсеңдейді, ал келтірілген залалды ешкім өтемейді», дейді зауыт басшысы.
Сондай-ақ логистика мәселесі де қол байлау болып тұр. Өнім тасымалын қамтамасыз ететін теміржол желісін жөндеу қажет. Алайда қазір бұл желі жеке меншікке өткен, ал иесі инфрақұрылымды жаңғыртуға құлықсыз.
«Біз өндірісті кеңейтуге дайынбыз, шикізат қоры, мамандар мен технология бар. Алайда логистикалық шектеулер жұмыс істеуге мүмкіндік бермей тұр. Теміржол желісін «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының балансына беру, мәселені едәуір жақсартар еді», дейді Ж.Өмбетияров.
Сонымен қатар, өңірде құрылыс қалдықтарын шығаратын арнайы полигон жоқ. Қазіргі кезде кәсіпорын қалдықтарды Атырау қаласына тасуға мәжбүр, бұл да шығынды арттырып, экономикалық тиімділікті төмендетіп отыр.
Кәсіпорын басшылығы бұған дейін өндірісті Атырау облысында кеңейту мүмкіндігін қарастырғанын, алайда шешілмеген инфрақұрылымдық мәселелерге байланысты екінші зауытты Тараз қаласында салуға мәжбүр болғанын айтты. Онда логистика мен энергетика мәселелері әлдеқайда жақсы жолға қойылған.
«Жалпы Индер ауданының әлеуеті зор, мұндай өндірістер – экономикалық өсудің негізі. Алайда энергетика, көлік инфрақұрылымы және қалдықтарды жою сынды базалық мәселелер шешілмейінше, аудандағы бұл саланың дамуы баяулайды. Осы мәселелерді тиісті министрліктерге жеткіземіз. Бұл тек бір зауыттың өтініші емес, бұл өңірлік өнеркәсіптік саясатқа деген көзқарасты қайта қарау қажеттігінің нақты белгісі», деді А.Қожаназаров.