• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Байқау Бүгін, 08:10

Қойлыбайдан қалған қобыз үні

140 рет
көрсетілді

Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық театрында І республикалық Қойлыбай әулие атындағы «Қобызым – қоңырым» атты қобызшылар байқауы өтті.

Байқауды ұйымдас­тырушы – осы өңір­дің тумасы, мә­де­ниет қайраткері, Қараған­ды­дағы Қ.Байжанов атын­дағы концерттік бірлестік­тің «Ар­қа сазы» фольклорлық ансамблі­нің көркемдік же­текшісі Байғара Хамзеұлы. Ол осыған дейін Ерден Сан­ды­байұлы атындағы дәс­түр­лі республикалық қылқо­быз­шылар байқауын өткізіп келген. Биыл Қойлыбай әулие атындағы қобызшылар бай­қауын қолға алды.

Байқауға еліміздің, Жетісу, Ұлытау облыстары, Алматы, Астана, Қарағанды, Тал­­ды­қор­ған қалаларынан кел­­­­­ген он екі өнерпаз қа­тысты.

Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы Базархан Қосбаса­ров төраға болған қазылар алқа­сының құрамында өнердің жілігін шағып, майын ішкен майталмандар болды. Құр­ман­ғазы атындағы Ұлттық кон­серваторияның профессоры, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, күйші Ермұрат Үсенов қатарлы тағы басқа қо­бызшылар үміткерлердің ше­бер­лігін сынады.

Қатысушылардың бәрі кәсі­би қобызшылар. Бірі магис­трант, бірі ұстаз, бірі ансамбльде ойнайды. Олар «Қорқыт» күйін орындады.

Қойлыбай әулие атындағы қайырымдылық қоры, Ақса­қалдар қауымдастығының төр­ағасы Абулайс Түсіп­бек­ұлы­ның айтуынша, «аты аңыз­ға айналған әулие бабамыз аманаты бойынша Ұлытау өңіріндегі Дулығалы өзенінің бойында жерленген. 1994 және 2023 жылдары әулиенің аруағына бағышталып, ас берілді. Қойлыбай әулиенің басына келімді-кетімді кісілер тоқтайтын бес бөлмелі «Та­ғ­зым үйі» салынды. 2024 жыл­дың тамыз айынан бастап бұ­рынғы кесененің орнына зәу­лім кесене салынып жатыр. Жошы хан, Домбауыл, Алаша­хан сияқты Қойлыбай әулие­нің басына туристік орын жа­сауға болады», деп орынды ұсыныс айтты.

Жеребе бойынша шыққан әр қобызшы төрт шығармадан орындады. Алғашқысы арнайы байқауға жазылған Ә.Әб­­дінұровтың «Дулығалы өзен», Е.Үсеновтің «Қойлыбай әулие» күйлері, үшіншісі өз таң­дауы бойынша қобызға ар­налған күй, төртіншісі конверт­ке жасырған шығарманы орындау. Ұлтымыздың киелі аспа­бы­ның сырлы да, сиқырлы сазы тыңдаушыларды баурады.

Бас жүлде 1 500 000 теңге ақшалай сыйлықты Әсен Смаил (Талдықорған қаласы) олжалады. І орын алған Әді­лет Азбаев (Алматы қаласы) ­1 млн теңге, ІІ орын алған Олжас Құрманбек (Астана қа­ласы) 500 000 теңге иеленді. ІІІ орын алған жетісулық Ер­асыл Төреханов пен қара­ған­дылық Аяулым Жетпіс­бае­ваға да ақшалай сыйлық бұйырды.

 

Ұлытау облысы