Черногорияның Подгорица қаласындағы Ұлттық кітапханада ұлтымыздың бас ақыны, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай орталығы ашылды, деп жазады Egemen.kz.
Орталық Абай Құнанбайұлының шығармашылығын халықаралық деңгейде насихаттауға ден қояды.
Мәдени маңызы зор шара еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған.
Абай орталығының ашылу салтанатына Черногорияның Қазақстан, Австрия, Германия, Словакия, Испания, Италия, Венгрия, Болгария, Түркия және Греция Елшіліктерінің дипломатиялық өкілдері, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері қатысқан.
Шара барысында орталыққа жүзден аса құжат табыс етілген. Олардың ішінде қазақ, орыс, ағылшын, қытай т.б көптеген тілдерге аударылған Абайдың шығармалары, қарасөздері, абайтану кітаптары, өмір жолы мен шығармашылығына қатысты құнды деректер, сонымен қатар қазақ жазушылары Әбіш Кекілбаев, Кемел Тоқаев, Таласбек Әсемқұлов сынды ұлт зиялыларының кітаптары бар.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бұл құжаттар ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығынан алынған.