Мемлекеттік орталық музейде қазақ бейнелеу өнерінің дара тұлғасы, көрнекті суретші Молдахмет Кенбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Жарқын бояулар шебері» атты мерейтойлық көркемөнер көрмесі ашылды, деп жазады Egemen.kz.
Қазақ бейнелеу өнеріне айшықты із қалдырған дәулетияр дарын иесі – ХХ ғасырда ұлт өнеріндегі жаңа көркемдік дәуірдің бастауында тұрған, ұлттық бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі. Ол отандық сурет әлемінің қалыптасуына жол ашып, тұтас бір буын суретшілерге ұстаз бола білді.
Кенбаевтың шығармашылығы тек кескіндемемен шектелмейді. 1960–1980 жылдар аралығында ол елімізде қоғамдық ғимараттарда мозаика өнерінің дамуына айрықша үлес қосты. Оның монументалды шығармалары бүгінгі күні Қазақстанның сәулеттік келбетінің ажырамас бөлігіне айналған.
Музей ұжымы көрменің басты мақсаты – ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан көркемөнер шеберінің бай мұрасын ұлықтап, келешек ұрпаққа насихаттау екенін айтады. Экспозицияда халық суретшісінің 100-ге жуық таңдаулы туындысы ұсынылған.
Іс-шараға Алматы қаласы әкімдігі, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен өнер қайраткерлері, сондай-ақ Молдахмет Кенбаев шығармаларына құрметпен қарайтын өнер жанашырлары қатысты.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Сержан Саров даңқты суретшінің мұрасы өнертанушылар үшін өрелі қазына екенін айтып, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, Кенбаевтың ұлттық өнердегі орны мен музей қорындағы туындыларының тарихи маңызын ерекше атап өтті.
Салтанатты кеште өнертану кандидаты, доцент, «ARK» көркемөнер галереясының негізін қалаушы әрі директоры, КСРО Сәулетшілер одағының теория және сын саласы бойынша лауреаты Елизавета Малиновская мен Қазақстан Суретшілер одағы Хатшылығының мүшесі Әсия Хайрулина, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының орынбасары Арман Халбеков суретші шығармашылығы хақында жылы лебіздерін жеткізді.
Кеш соңында сөз көрменің ұйымдастырушысы әрі әке өнерін жалғастырушы Алпамыс Молдахметұлы Кенбаевқа берілді. Ол жиналған қауымға шынайы алғысын білдіріп, әкесінің шығармашылық жолы мен рухани мұрасы туралы естеліктерімен бөлісті.
Көрменің ресми ашылуы барысында М. Кенбаевтың «Целина» атты туындысы суретшінің отбасы атынан ҚР Мемлекеттік орталық музей қорына сыйға тартылды. Бұл шығарма музейдің кескіндеме топтамасын толықтырып, ұлттық бейнелеу өнерінің алтын қорын байыта түспек.
Сонымен қатар, Кенбаевтар отбасы Орталық музейге М.Кенбаевтың ұлттық бейнелеу өнері саласындағы жетістіктерін дәлелдейтін дипломдарын, марапаттары мен сертификаттарын сыйға тартты. Бұл заттар шебердің жеке музейлік кешенін қалыптастырып, Кенбаевтың көркем мұрасын сақтау, қорғау және насихаттау жұмыстарына да зор септігін тигізетіні анық.