• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Инвестиция Кеше

Елеулі инвестициялық жобалар

50 рет
көрсетілді

Биыл алғашқы төрт айда Шымкент экономикасына 232,3 млрд теңге инвес­тиция тартылды. 2024 жылдың төрт айымен салыстырғанда инвестиция көлемі 60%-ға артқан. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, мемлекет­тік бюджет инвестициясы 61,7 млрд теңге, жекеменшік инвестиция 170,6 млрд теңге болды. Биыл 1 трлн теңгеден астам инвестиция тарту жоспарда бар. Ол былтырғы көрсеткішке қарағанда 38%-ға артық болмақ.

Шаһарда құны 1,9 трлн теңге­ден асатын 190 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жо­ба­ларды 2029 жылға дейін іске асыру көзделген. Нәтижесінде, 26 мыңдай адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады. Биыл сол инвестициялық жобалардың 51-і қолға алынады. Соның аясында төрт мыңнан астам адам тұрақ­ты жұмыс орнымен қам­тамасыз етілмек. Қала әкім­дігі бүгінде өңдеу өнеркәсібін дамы­туға көп күш салып жатыр. Сон­дықтан алдағы төрт жылға инвестициялық жобалардың пулын қалыптастырды. Оған 115 жоба кіріп отыр. Оларды жүзеге асыру арқылы 9 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.

Инвестициялық жобалар пу­лының жалпы құны – 541,2 млрд теңге. Соның ішінде биыл инвестициялық жобалар аясында 22 жаңа кәсіпорын бой көтереді. Ол үшін 80 млрд теңгеге жуық инвес­тиция жұмсалады. Ал жұмыспен қамтылғандар саны 1,2 мың адам­ға жетеді. Инвестициялық жобалар аясында «Shymkent Dehui Gelatin Ltd.» – желатин, «Sauran Bricks» – автоклавты газдыбетон, «Marvik Partners» – тоқыма емес материалдар, «КазТермоПласт» – полимерлі құбырлар, «Шабитекс» – мақта-мата, аралас және киімге арналған маталар, «ПолиТрейд Казахстан» – полимерден жасалған бұйымдар, «Оңтүстік ғимарат құрылыс компаниясы» – асфальтбетон қоспасын, тауарлы бетон мен темірбетон бұйымдарын, «Cleans Fabric» – ылғалды майлық, «Ontustik qagaz kompaniasy» қағаз бен картоннан жасалған бұйымдар өндірісін өрістетпек.

Сонымен қатар «Qz chemical impex» зауытында – минералды және орга­никалық-минералды ты­ңайт­­қыш­тар, «AnDa Company»-да – био­фар­ма­цев­ти­калық тауар­лар, «QazAlPack»-те – алюминий қаптама­сындағы ыдыстар, «BS Group»-та – мырышталған құбырлар, «Shymkent Temir»-де – метал бұйымдары, «QazTurk­Minerals»-та – минералды және органо-минералды тыңайт­қыш­тар, «СтройПрогресс-2007»-де – темірбетон өнімдері, «Рахат-Шымкентте» – жаңа газды пешпен вафель тәттілері, ЖК «Алиде» – ойыншықтар, «ZeineP»-де – бір реттік медициналық төсектік орын жабдықтары, «City Block»-те – битум және «MEGA SMART B2B» ЖШС-да металл бұйымдары шығарылмақ. Бұл ретте ағаш өңдеу цехын кеңейтіп, өндіріс қуа­тын арт­тыр­ғалы отырған «KAZAKH­STAN WOODEN DRUMS» фирмасын да атап өткен абзал.

І тоқсандағы статистика бойынша Шымкентте кәсіпкерлікпен айналысатын субъекті саны 138,8 мыңды құрады. Өткен жылдың үш айымен салыстырғанда бизнесті кәсіп еткен азаматтар 7%-ға өс­кен. Былтыр жыл соңындағы есеп­ке сәйкес шағын және орта кәсіп­керлік саласында жұмыспен қам­тыл­ғандар саны 250 мыңдай адамға жетсе, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 4,8%-ға артыпты. Былтыр мегаполисте шағын және орта бизнес өкілдері 3 трлн 487 млрд теңгенің өнімін өндірген. 2023 жылға қарағанда оның көлемі 30,4%-ға ұлғайған. Шымкенттің жалпы өңірлік өнімінде ШОБ үлесі 54,8%.

«Жеке кәсіпкерлікті мемле­кеттік қол­­даудың кейбір шаралары туралы» Үкіметтің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №754 қаулысына сәйкес «Бірыңғай ке­шен­ді бағдарлама» аясында кәсіпкерлік­ті қолдауға 2025 жылы 20 млрд теңге бө­лін­ді. Биыл қаңтар-наурызда 1385 жобаға 2 млрд теңгеге жуық қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде банк несиелері­нің пайыздық мөлшерлемесін субси­диялау, банк несиелерін ішінара кепілден­діру секілді қолдау тетіктері бар. Сон­дай-ақ 2022–2024 жылдарға арнал­ған «Іскер қала» іс-шара жоспары аясын­да міндеттемелерді өтеуге бюджеттен биыл­ға 100,4 млн теңге қаржы қарастырылды. ­Осы аталған өңірлік бағдарлама шеңбе­рін­де қаңтар-наурыз айларында 10,2 млн теңге субсидия және өндірістік алаңдар­дың жалдау ақысын өтеуге 17 млн теңге қаражат бөлінді. Қазір Шымкентте шағын өнеркәсіп алаңдарын құру қарқынды жүріп жатыр. Осы мақсатқа орай 22,2 млрд теңге инвестиция жұмсалды.

«Қалада үш шағын өнеркәсіптік аймақ бар – «Orda NS Building», «Standard Steel KZ» және «Энерготранс-3» серіктестері. Үше­уінің орналасқан жері 76 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Шағын өнер­кәсіптік аймақтардың бірінші кезең құрылысына 9,8 млрд теңге бөлініп, биыл­ғы ІІ тоқсанда 45 мыңға жуық аумақ­тың құрылысы аяқталды. Кәсіпорын­дар шоғыр­ланған шағын аймақтар құру арқылы 150-ден астам жаңа өндіріс орын­дарын ашу, 500 адамды жұ­мыспен қамтып, бюджетке 1 млрд теңге салық табысын түсіру көз­деліп отыр. Қалада бөлшек сауда көлемі де ұлғайып келеді. Мәселен, биыл­ғы үш айда саладағы табыс 222 млрд теңге­ден асқан. Жыл соңына дейін көрсеткішті ­1 трлн теңге­ден асырсақ деген жоспары­мыз бар. Бұл мақсатқа жаңадан ашыла­тын 8 сауда,  ойын-сауық орталығы, 11 сауда үйі, 10 жаңа сауда нүктесі және базарларды жаңғырту есебінен қол жеткіземіз деп отырмыз», дейді басқарма басшысы Б.Әзімбердиев.

Айтуынша, мегаполисте көтер­ме сауда көлемі 3 трлн теңгеден асқан. Ал жалпы мегаполистің сауда саласының табысы 5,3 трлн теңгеге жетіп жығылды. Шымкент республикалық үлкен қала болғандықтан, мұнда сауда-саттық пен өндіріс саласы жылдан-жылға дами бе­реді. Қаланың адам капиталы күші мен ин­вестициялық мүмкіндігін ескере келе, жергілікті атқарушы билік қайта өңдеу өнеркәсібін өркендетуге бел байлап отыр. Әсіресе тұрмыс­қа қажетті қарапайым заттар мен экспортқа негізделген инно­ва­циялық технологияларға басым­дық берілмек. Келешекте Шым­кент өндірістік шаһарға айналуға тиіс. Оған мегаполис­тің мүмкін­дігі толық жетеді. Тиісті инфра­құрылымдық жағдай да жақсы жасалып келеді дейді шенділер.

Маман айтып өткендей, бүгінде қалада орналасқан базарлар қайта жаңғыр­ты­лып жатыр. Шымкентте 19 базар­дың 10-ы – әмбебап, қалғаны арнау­лы сауда орын­дары. Базарларды қайта құру заңға сәй­­кес жүзеге асып жатыр. «Сауда қызметін рет­теу туралы» заңның 10-бабының 2-3-тар­ма­ғы базарларды құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестендіруді және модернизациялауды талап етеді. Осы ере­­жеге сай қала аумағындағы 19 базар модер­низациялануға тиіс. Осы күнде ша­һар­дағы «Бекжан», «Шымкент Тұлпар», «Алаш», «Исатай (Алатау)», «Акбар», «Самал», «Ынтық ата», «Барыс», «Көктем», «Жібек жолы», «Көмеш бұлақ», «Нұр Сайрам», «Дархан», «Айна», «Жаңа шахар» базарларында жаңғырту жұмыстары аяқталған. Қалған 4 базардағы («Авто Нұр», «Қыр­ғы базар», «Назым апа», «Жабық базар») модернизация жыл соңына дейін тәмамдалады.