Бакуде Қазақ киносының айлығы ресми түрде басталды. Мәдени шара Айдын Сахаман режиссерлік еткен "Дос-Мұқасан" музыкалық драмасының көрсетілімімен ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Фильм аты аңызға айналған "Дос-Мұқасан" ансамблінің құрылу тарихын баяндайды. Политехникалық институттың студенттері құрған топтың шығармашылық жолы, кеңестік кезеңдегі шектеулер, өнер мен ғылым арасындағы таңдау, қоғам тарапынан көрсетілген қысым сынды оқиғалар туындыда көрініс тапқан. Фильм сценарийін Ефрат Шәріпов жазған. Продюсері – Айгүл Байбек.
Кинотуынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Тарихи шындыққа сай болуы үшін ансамбльдің түпнұсқа мүшелері Мұрат Құсайынов пен Досым Сүлейменов кеңесші ретінде қатысқан.
Фильмнің Бакудегі премьерасы аясында әзербайжандық музыканттар мен әншілердің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Бұл шара Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени қарым-қатынастың дамып келе жатқанын көрсетті.
Кешке Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, БАҚ өкілдері мен қазақ диаспорасы қатысты.
Айта кетейік, Қазақстан киносының айлығы аясында Бакуде тағы бірнеше отандық фильмдердің көрсетілімі өтеді. Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырып отыр.