• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Шілде, 2025

Астанада тегін спорт сабақтары қайда және қашан өтеді

20 рет
көрсетілді

«Aulafit» жобасы — қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан ірі бастамалардың бірі, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық спортты дамытуды басым бағыт ретінде ескере отырып, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын арттыру мақсатында Астана қаласында бірқатар арнайы бағдарламалар мен жобалар әзірленіп, сәтті іске асып жатыр. Бұл туралы Астананың Коммуникациялық қызмет алаңында өткен брифингте Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Ағзамов мәлім етті.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде қала тұрғындарына төмендегі тегін жобалар қолжетімді:

1. «Aulafit» спорттық-әлеуметтік жобасы2. «Өзіңнен баста» өзін-өзі қорғау бойынша жаттығу жобасы3. Йога бойынша тегін оқу-жаттығу сабақтары4. Скандинавиялық жүріс бойынша тегін оқу-жаттығу сабақтары5. «Funny Sport» жазғы спорттық жобасы

«Aulafit» жобасы — қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан ірі бастамалардың бірі. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан бұл жоба биыл бесінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр.

2025 жылғы жазғы маусымда жаттығулар қаланың 6 ауданындағы 30 аула алаңында өткізіліп жатыр. Сабақтар маусым айынан қыркүйек айының соңына дейін дүйсенбі мен сенбі аралығында өтеді және қатысушылар үшін тегін. Қатысу үшін жас мөлшеріне ешқандай шектеу қойылмайды. Жаттығу өтетін аулалардың кестесі Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының және «Aulafit» жобасының әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған.

— Өткен жылы бұл жоба аясында 15 кәсіби жаттықтырушы елорданың 30 ауласында 3 000-нан астам адамды спортпен қамтыды. Жоба алғаш рет 2020 жылы іске қосылып, салауатты өмір салтын насихаттау мен белсенді демалысты дамытуға зор үлес қосып келеді, — дейді Азамат Ағзамов.

«Астана — есірткісіз қала» акциясы аясындағы жаттығулар. Спикер өз сөзінде күні кеше ғана «Астана — есірткісіз қала» атты акция аясында елордалық «Триатлон» саябағында бейімделген дене шынықтыруға арналған сауықтыру жаттығулары ресми түрде басталғанын тілге тиек етті. Үшінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан Василий Тахтайдың тегін сабақтарының биылғы ерекшелігі — «Көктал» саябағының да қосылуы.

Жобаға 6 жастан асқан барлық қала тұрғыны қатыса алады. Жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Тіпті мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да белсенділік танытып жатқанын атап өтуге болады. Сабақтар 1 қыркүйекке дейін әр сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері кешкі сағат 19:00 және 20:00–де өткізіледі.

Иога және скандинавиялық жүріс сабақтары. Тамыз айының басынан бастап қала тұрғындары мен қонақтары үшін иога мен скандинавиялық жүріс бойынша тегін оқу-жаттығу сабақтары басталады. Сабақтар қыркүйек айына дейін аптасына үш рет, елорданың алты саябағында кешкі уақытта өтеді. Айтулы тегін оқу-жаттығу сабақтарының нақты кестесі мен толық ақпараты басқарманың ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жақын арада жарияланатын болады.

— «Funny Sport» жазғы спорттық жобасы жаз мезгілінде кез келген жастағы тұрғындарға арналған. Саябақтар мен ашық қалалық алаңдарда тегін спорттық іс-шаралар, шеберлік сыныптары мен интерактивті бағдарламалар өткізіледі. Балалардан бастап қарт адамдарға дейін қатыса алады. Іс-шаралар елорданың танымал саябақтарында, атап айтқанда «Орталық», «Триатлон», «Жетісу» және басқа да қоғамдық демалыс аймақтарында тұрақты түрде ұйымдастырылады. Жобаның нақты кестесі мен толық ақпараты басқарманың әлеуметтік желілерінде алдын ала жарияланады.

Аталған жобалар — Астана қаласының тұрғындары арасында бұқаралық спортты кеңінен насихаттап, денсаулықты нығайтуға және қоғамда белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты көрінісі, — дейді басқарма басшысы.