• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық саны азайған

20 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов ҚР Үкіметі жанындағы Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Жиында есірткіге қарсы күрес пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, санын азайту мәселесі де талқыланды.

Енді Республика бойынша маскүнемдікке қарсы күрес шеңберінде ішімдіктен бас тартқан елді мекендердің қозғалысы кеңейтілетін болады. Қазіргі уақытта олардың саны 400-ден асады. Осындай бастамаларды жүзеге асырып жүрген белсенділер мен әкімдіктерді де ынталандыру ұсынылды. Бүгінде кісі өлтірудің жартысынан көбі, әрбір үшінші бұзақылық және төртінші тонау қылмысы мас күйде жасалады.

Олжас Бектенов есірткі таралуының салдарымен ғана емес, негізгі себептерімен де күресуге бағытталған жаңа есірткі саясатын әзірлеуді тапсырды.

Ведомствоаралық комиссия отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және психологиялық көмек көрсету, оның ішінде құқық бұзушыларға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі мәселелерін қарады.

ІІМ мәліметінше, кейінгі үш жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша өтініштер саны 35%-ға азайған. Бұл ретте 2025 жылдың басынан бергі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға төмендеу байқалған. Отбасылық-тұрмыстық қылмыстар саны 34,9%-ға қысқарған.

Премьер-министр оң динамикаға қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі елдің отбасылық-демографиялық саясатында өзекті болып қалып отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда қандай да бір зорлық-зомбылыққа, қол сұғушылыққа жол берілмейтінін білдіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз заңнаманы күшейттік. Әйелдер мен балаларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілікті қатаңдаттық», деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр зорлық-зомбылықтың алдын алу, ведомствоаралық үйлестіруді нығайту, халық арасында ақпараттық жұмысты кеңейту және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі шаралар мен психологиялық көмек көрсету шараларын күшейту қажеттігіне назар аударды.

Өткен жылы Ішкі істер министрлігінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылды. Аталған бөлімше мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы салада профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр. Құзыретті қызметтердің өзара іс-қимылы да ұйымдастырылды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері болған балалар мәселесі де назардан тыс қалмады. Білім министрлігіне мұндай күйдегі кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және қолдау тетігін әзірлеу тапсырылды.

Олжас Бектенов Отбасын қолдау орталықтары желісін дамытудың, тиімді цифрландырудың және барлық ведомстволардың тұрмыстық қылмыстарға қарсы күресте күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Жиын соңында Премьер-министр жергілікті атқарушы органдарға рақымшылыққа іліккен азаматтарды кешенді бейімдеуді, сүйемелдеуді және тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоса алғанда, олардың қайта қылмысқа баруының алдын алуды қамтамасыз етуді тапсырды.