Түркістан облысында су тапшылығын болдырмау және егін суаруды жақсарту мақсатында «Қазсушар» мамандары «Машканал» су көтеру каналын механикалық тазалауға кірісті. Бұл жұмыс «Достық» каналы арқылы келетін судың көлемін арттыруға сеп болмақ, деп жазады Egemen.kz.
Түркістан облысының диқандарына су жеткізу сапасын арттыру бағытында ауқымды шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Сырдария өзенінен ГНС-1 сорғы станциясына су тартатын «Машиналық әдіспен су көтеру каналының» 2,6 шақырымын механикалық жолмен тазартуды бастады. Бұл жұмыстар 25 шілдеге дейін аяқталуы тиіс.
Филиал мәліметінше, тазарту жұмыстарына мекеменің өз техникалары жұмылдырылған. Канал толық тазартылған соң, «Достық» каналына қосымша секундына 10 текше метр су жіберу мүмкіндігі артады. Бұл өз кезегінде төменгі ағысындағы шаруашылықтарды сумен тұрақты қамтуға жол ашады. Сонымен қатар, «Қазсушар» балансындағы басқа да каналдардағы су деңгейінің көтерілуіне ықпал етеді.
«Жүргізіліп жатқан жұмыстар келесі жылы да «Машканалдың» үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл әдіс тек жаз кезінде жүзеге асады, өйткені басқа мезгілдерде канал суға толы болады», деді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы директорының орынбасары Серік Тойтанов.
Айта кетейік, биыл еліміздің оңтүстігінде суару маусымы әдеттегіден 20 күн бұрын басталды. Бұған себеп – жауын-шашынның аздығы мен жоғары температура. Бүгінде Түркістан облысындағы суармалы егістіктерге кезекпен су берілуде. Жалпы өңірдің ауыл шаруашылығына қажетті су көлемі 2,82 миллиард текше метрді құрайды.