• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шымкент Бүгін, 09:30

Жаңа 3 кәсіпорын іске қосылды

20 рет
көрсетілді

Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен Шымкентте жаңа 3 өндіріс орны ашылды. Оның алғашқысы – «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «BIK Kanc» ЖШС. Серіктестік А4 және А3 пішіндегі қағаздар өндіреді. Өндірістік қуаты жылына 2 млн 880 мың дана қорапты құрайды. Компания биыл жобаның бірінші кезеңін іске қосты. Оның құны – 500 млн теңге.

2027 жылы 1 млрд теңгеге екінші кезеңді іске қосу жоспарда бар. Өндіріс орны 40 адамға жаңа жұмыс орынын тауып берді. Шығарылған өнім ішкі және сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Серіктестік басшысы Әйгерім Балғымбекова жаңа жоба арқылы кеңселік қағаздар өндірісі қолға алынып, бұл өнім бойынша шетелдік экспортқа тәуелділік сәл де болса азаятынын жеткізді. Сонымен бірге ол жаңа өндірістің экономикалық, әлеуметтік маңыздылығын да атап өтті. Жаңа кәсіпорынның құрылуымен бюджетте салық табысы көбейеді. Әлеуметтік маңыздылығы тұрғысынан айтар болсақ, жаңа жұмыс орындары құрылып, қаншама адамға өзін, отбасын асырауға мүмкіндік туады.

Мегаполисте жүзеге асқан тағы бір маңызды жобаның бірі – ЖК «ZeineP» компаниясының дезинфекциялық құралдар өндірісі. Кәсіпорын өнімді «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында шығарады. Жоба құны – 600 млн теңге. Кәсіпорын жылына 10 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріс орны 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Өндірілген химиялық және дезинфекциялық құралдар ішкі нарыққа және ТМД елдері аумағына экспортталады.

Кәсіпорын басшысы Ғазиз Уалихановтың айтуынша, жобаның экономика үшін берер пайдасы өте үлкен. Себебі бүгінде халық негізінен шетелден келетін дезинфекциялық өнімдер тұтынады. Осылайша, экспорттық тауарды сатып алу арқылы шетелдің экономикасына пайда түсіп жатыр. Сондықтан табысты өзімізде қалдыру үшін дезинфекциялық өнімдердің отан­дық балама түрін шығарып, халық соны жаппай сатып алуы қажет. Компания басшысының пікірінше, бұл жерде бірінші кезекте баға мен сапа нарық бәсекелестігінде үлкен рөл ойнайды. Бұл ретте, арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар үшін мемлекет ұсын­ған жеңілдіктерді пайдаланып, баға жағынан шетелдік өнімдермен бәсе­ке­лестікте дес бермеу қажет.

Сондай-ақ жеке кәсіпкер сапаға мән берудің артықшылығына да тоқталды. Өйткені еліміз еркін экономикалық аймақта өмір сүріп жатыр. Яғни шетелден келетін тауарларға ішкі нарықта ешқандай кедергі жоқ. Халық бағасы мен сапасына қарай өзіне ұнаған та­уарды таңдап алады. Сондықтан сұранысты арттыру үшін отандық тауарлардың сапасы мықты болуы шарт. Бұл да оңай шаруа емес. Себебі оған ғылыми ізденіс пен үлкен еңбек керек. Осы тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық ғылымды дамытып, ғалымдардың ғылыми еңбектерін коммерциялауға мүмкіндік беруінің мәні айқын көрінеді. Жеке кәсіпкер Ғ.Уалиханов сондықтан өз сөзінде ішкі нарықты сапалы химиялық, дезинфекциялық өнімдермен қамтамасыз етіп, оның шетелде де сұранысының артуына жағдай жасайтынын айтты.

Мегаполисте іске асырылған үшінші маңызды жоба – «Sauran Bricks» ЖШС-ның автоклавты газды бетон өндіретін жаңа зауыты. Осы жоба арқылы серіктестік басшылығы мен жергілікті атқарушы билік республиканың бүкіл оңтүстік өңірін сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Зауыттың жалпы инвестициялық құны – 7,8 млрд теңге. Кәсіпорын толық қуаттылығына көшкен кезде үш ауысымда 150 адам тұрақты еңбек етеді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 200 мың текше метр (күніне 555 текше метр немесе айына 16 500 текше метр) өнім шығаруға жетеді.

Жаңа жобаны іске асыру үшін «Жұлдыз» индустриялық аймағынан 5,2 гектар жер телімі бөлінді. Қазір зауыттың құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталды, сондай-ақ қытайлық KEDA компаниясының заманауи, әрі автоматтандырылған технологияларына негізделген құрал-жабдықтары орнатылды.

Зауыт директоры Қайсарбек Махамбеттің айтуынша, мегаполисте соңғы жылдары құрылыс қарқыны артып келеді. Бұл бірінші кезекте шаһардың республикалық мәні бар қала мәртебесін алуымен байланыс­ты болып тұр.

Жалпы алғанда, іске қосылған ілкімді жобалар аймақ экономикасын алға сүйреп, еліміздің әлеуетін арттыруға септігін тигізеріне сенім мол.