Депо – жылжымалы құрамды пайдалану, техникалық қызмет көрсету және сақтауды қамтамасыз ететін көлік инфрақұрылымының негізгі буыны. «City Transportation Systems» компаниясы осы маңызды бөліктің құрылыс қарқыны қызу, 50 пайызы дайын екенін мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Мұнда басқару орталығы, пайдалану депосы, жөндеу депосы, локомотив депосы сияқты бірнеше негізгі нысандар орналасады.Депоның кешенді орталығын құру LRT техникасын пайдалануға, жөндеуге және қызмет көрсетуге байланысты барлық процестерді орталықтан басқаруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта пайдалану және локомотив депосындағы негізгі темірбетон және металл конструкциялық жұмыстары аяқталған. Ішкі бөлімдерді монтаждау жүргізіліп жатыр.Кешенді орталық 18 станцияның және бүкіл желінің тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті пойыздардың қозғалысын, LRT инфрақұрылымының жай-күйін тәулік бойы бақылайды.
Айта кетейік, талай жылдан бері құрылысы тұралап қалған LRT-ны 2026 жылдың басында пайдалануға беру жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Жеңіс Қасымбек айтқан болатын.