Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co.LTD» компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй Семей қаласын айналып өтетін автожол құрылысын жүзеге асыруға бағытталған келісімге қол қойды, деп жазады Egemen.kz.
Жоба биыл тамыз айында басталып, 2028 жылға дейін жүзеге асырылады. Жаңа айналма жолдың салынуы облыстың логистикалық әлеуетін арттырып, Семей қаласының көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Облыс орталығындағы аспалы көпір арқылы жылына 700 мыңға жуық көлік өтеді.
Берік Уәли жобаға қатысты жұмыстардың басталып кеткенін айтты.
«Қазақ-қытай кәсіпорындарының бірлескен консорциумы негізінде қол қойылған келісімге сай биыл тамыз-қыркүйек айларында жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалады. Ал қазан, қараша айларында айналма жолдың алдын ала жобасы әзірленіп, көпірлер мен жол айырықтары әкімдікпен келісіледі. Қараша, желтоқсан айларында жұмыс жоспары, құрылысқа дайындық әкімдікпен келісіледі. Содан кейін барып Семей қаласын айналып өтетін автожол құрылысы басталады. Бұл келісім біздің елдер арасындағы ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың негізіне айналып, Еуразиядағы халықаралық көлік дәліздерінің дамуына айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін», деді Абай облысының әкімі.
Семейдегі айналма жолды Астанадағы LRT құрылысына қатысып жатқан компания салады.
«Біздің компания бұл жобаға былтырдан бастап араласып, бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Осы тәжірибемізді Семей қаласындағы айналма жол құрылысы кезінде іске асырамыз деп ойлаймын» деді Чжоу Хайвэй.