Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов тау-кен-металлургия саласын дамытуға байланысты нақты тапсырмалар берді. Ол бұл бағыттағы жұмыстардың еліміздің экономикалық өрлеуі үшін маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ірі тау-кен кәсіпорындарымен бірлесе отырып, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісін дамыту бойынша кешенді шаралар жоспарын жасау тапсырылды. Бұл ретте жүйе құраушы кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған қадамдар да қамтылуы тиіс.
Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесе отырып, сирек және аса маңызды металдар негізінде технологиялық тұрғыдан жаңашыл өнім шығаратын жобаларға басымдық беру керектігі айтылды. Бұл бастама саланың өсу әлеуетін арттыруға және жаңа технологиялық құзыреттер қалыптастыруға сеп болмақ.
Премьер-министр өндіріс қалдықтары мен металдарды қайта өңдеу бағытында да шаралар әзірлеуді тапсырды. Бұл тұйық циклді экономика құру жолындағы маңызды қадам.
Ғылым және жоғары білім министрлігіне Өнеркәсіп министрлігімен бірлесе отырып, бір ай ішінде тау-кен кешені үшін кадр даярлау бағдарламасын жасап шығару міндеттелді.