Театр туралы тіл қатқанда оның тарихи келбеті мен рухани функциясын реттеу мәселесін сөз етпеуге болмас. Отандық басылымға берген сұхбатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осы жайтқа қатысты туындап отырған түйіткілдерді тарқатты, деп жазады Egemen.kz.
Соның бірі соңғы жылдары елдегі мәдениет ошақтары мен театрлардың жерлеу бюросына айналып бара жатқандай әсер қалдыруы. А.Балаева мұның ойланатын мәселе екенін еске салып, ендігі ретте жазушылар одағы да ескеретініне сенім білдірді.
«Бұрын Алматы қаласы әкімдігінде қызмет етіп жүрген кезімде он күннің ішінде бірнеше танымал тұлға өмірден өтті. Сол кезде театр жетекшісі Талғат Теменов қоңырау шалып, актерлер күндіз – қоштасу рәсімінде, кешке – спектакльде жүретінін, бәрінің көңіл күйі, еңсесі түсіп кеткенін айтты. «Қастерлі орда жерлеу бюросына айналып кеткен жоқ па?» деген қынжылысын білдірді. Бұл әңгіме әлі күнге дейін есімде. Шынында да, біз шығармашылық адамдардың моральдық-психологиялық жағдайын ескермейтін секілдіміз. Екіншіден, кеңестік кезеңнен қалған дәстүрлерді сол қалпында бүгінге дейін жалғастыра беру қаншалықты дұрыс?! Әрине, өнер мен әдебиетке еңбегі сіңген жандардың есімі ұмыт қалмауы керек. Бірақ олардың рухын ұлықтау мен қоштасу рәсімдерінің форматы мен өтетін орны – қоғам мен мәдениет үшін қайта қаралатын кезеңге жеткендей. Өнер ордасы – рухани биіктік пен шығармашылықты ту ететін киелі мекен. Алайда егер оның сахнасы жиі қаралы жиындар өтетін орынға айналса, бұл – алаңдатарлық жағдай. Мұндай үрдіс бір жағынан көрермен мен актер, сахна мен сана арасындағы байланысты әлсіретеді» деген ойын ортаға салған министр мәселені эмоциямен емес, парасатпен қабылдайтын уақыт жеткенін жеткізді.
Қазіргі таңда әкем-театрға баланған М.Әуезов және атындағы Қазақ ұлттық драма театрында және Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 2026 жылы ғасыр тойын атап өтетін Әуезов театрының тарих толқынында жұтылмаған бейнесін сақтап қалу, өзгеде театрлардың ішкі мазмұнын ілгерілету қоғам сұранысы.
«Еліміздегі мәдениет нысандарының басым бөлігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл – жылдар бойы қордаланған мәселе. Біз бұл міндетті тек бюджет есебінен емес, демеушілер мен меценаттарды тарта отырып, мәдениетті жаңғыртуды бүкіл қоғамның ортақ ісіне айналдыруға тырысып келеміз.
Ал Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры ғимаратының реконструкциясы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 2025 жылдың наурыз айынан бастап жүргізілуде. Жоба құрылыс-монтаждау жұмыстарын, материалдық-техникалық базаны толық жаңартуды және жалпы ауданы 10 560 шаршы метр болатын жаңа кеңейтілген ғимаратты қамтиды. Онда 200 орындық камералық сахна, өндірістік цехтар, әкімшілік және қойма үй-жайлары орналасатын болады.
Сондай-ақ реконструкция барысында театр жабдықтарының 100%-ы жаңартылмақ. Атап айтқанда, сахна механикасы, акустика, дыбыс, жарық, бейне жүйелері түгел жаңартылады», деді Аида Балаева.
Қазақ ұлттық опера және балет театры құрдымға кетіп бара ма?
Сұхбат аясында ведомоство басшысы театрды басқарып отырған Айнұр Көпбасарованың қызметіне қатысты сауалдардың да нүктесін қойды.
«Әлеуметтік желілерде айтылып жүрген «Көпбасарова менің құрбым, театрды құрдымға кетіріп жатыр» деген сындар – негізсіз. Бұл жерде басты мәселе – кәсібилік пен нәтиже.Иә, Айнұр Көпбасароваға қатысты шағымдар түскені рас. Саралап қарасақ, бізге түскен 14 шағымның 8-і оның қызметіне тікелей қатысты. Алайда олар негізінен театрдың штаттық билет тексерушілерінен келіп түскен. Бұл қызметкерлер тек іс-шаралар кезінде жұмыс істеген. Басқа театрларда мұндай мамандар маусымдық немесе келісімшарт негізінде ғана қызмет атқарады. Театр маусымы аяқталған соң бұл штат қажет болмай қалады. Сондықтан аталған өзгерістер театр құрылымының қайта жасақталуына байланысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілді», деп атап өтті министр.