Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова жұртшылықпен кездесті. Жиынға палата басшылығы, қалалық мәслихаттың депутаттары, салалық басқарма өкілдері, жекеменшік мектеп директорлары қатысты. Кәсіпкерлер ұйымының басшысы С.Адамбекова білімге қатысты мәселелерді кеңінен талқылап, осы бойынша Сенат депутатына арнайы ұсыныстар жолдауды жөн көрді.
Одан басқа жиында кәсіпкерлер палатасының жанындағы салалық білім кеңесінің төрағасы Диана Қараманова жекеменшік мектепке баратын тұрмыстық жағдайы төмен балаларды әлеуметтік қамсыздандыру мен осы жекеменшік мектептердегі мемлекеттен бөлінетін жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселесін көтерді. Сонымен қатар жекеменшік білім ошағында оқитын оқушыларды ыстық тамақпен, тегін оқулықтармен қамтамасыз ету, көпбалалы отбасыдан шыққан оқушылардың оқу ақысын субсидиялау мәселесі кеңінен талқыға түсті.
Палата жанындағы салалық білім кеңесінің төрағасы Д.Қараманованың мәлімдеуінше, жекеменшік мектептерде оқитын бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтылған. Ал 5-11-сыныпта оқитын әлеуметтік тұрмысы төмен оқушылар жекеменшік мектептерде ыстық тамақпен қамтамасыз етілмеген. Мектепте білім алатындарға ыстық тамақ беру жөнінде Үкіметтің №64 қаулысы бар. Бірақ бұл талап тек мемлекеттік мектептер ғана қатысты еді. Осыдан екі ай бұрын сол қаулыдағы «мемлекеттік» деген сөз алынып тасталды. Оның орнына «жалпы білім беру ұйымдары» деп жазылды. Демек ыстық тамаққа бөлінетін мемлекет қаржысын алуға жекеменшік мектептердің де құқы бар. Осы норманы өзгертуге кәсіпкерлер, оларды қорғайтын ұйым екі жыл бойы күресті. Ендігі кезекте Үкімет қаулысына қарай сол ереженің айналасындағы барлық нормативтік-құқықтық актілер өзгеріп, жаңа алгоритм жасалуы керек. Бұл тірлік бітпей жекеменшік мектепте білім алып жатқан әлеуметтік аз қамтылған 5-11-сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтамасыз етілмейді. Ережелерді жаңа қаулыға тезірек икемдеп, іске асыру тетіктерін жылдамдатып қабылдау үшін жекеменшік мектеп директорлары мен палата сарапшылары бірге заң шығарушы орган – Сенатқа қолқа салып отыр. Палата жанындағы салалық білім кеңесі төрағасының айтуынша, бүгінгі таңда жекеменшік мектеп құрылтайшыларының көпшілігі өз қалталарының есебінен адамгершілік тұрғысында 5-11-сыныпта оқитын тұрмысы нашар оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп жүр.
Жиында жекеменшік мектептердің оқулық жайы да сөз болды. Салалық кеңес мүшелері мәлімдегендей, жекеменшік білім ұйымдары жаңа оқулықтар сатып алады. Алайда 5-7 жылда оқу бағдарламасы жаңарып, жаңа редакциядағы оқулықтар пайда болады. Оларды қайтадан сатып алуға кейде жекеменшік мектептің қаражат жағынан шамасы жетпейтін көрінеді. Сондықтан кәсіпкерлер жан басына қаржыландыру бағдарламасының ішіне мазмұны өзгерген жаңа оқулықтарды сатып алуға қосымша қаражат қарастыратын арнайы бап енгізсе деген өтініш-тілектерін жолдап отыр. Кездесуде жиналғандар осы жан басына қаржыландыру бойынша берілетін қаржының жекеменшік мектептерге дер кезінде жетпейтінін айтып мәселе қозғады. Сондай-ақ елдің жағдайын білуге келген сенатор А.Қапбароваға осы мәселе бойынша төмендегіше арнайы ұсыныс хат жолдады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы 5-11-сынып оқушылары үшін мемлекеттік мектептерде тегін ыстық тамақ ұйымдастырылып келеді. Бұл шара әлеуметтік әділетті қамтамасыз ету және балалардың денсаулығы мен оқу жетістіктерін қолдау мақсатында іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда республика бойынша тек Шымкент каласындағы жекеменшік мектептердің бастауыш сынып оқушылары әлеуметтік жағдайына қарамастан, Шымкент қаласы әкімінің қаулысымен тегін ыстық тамақпен толықтай қамтамасыз етіліп отыр. Алайда қазіргі таңға дейін кейбір нормативтік-құқықтық актілер бойынша жекеменшік мектептердегі әлеуметтік осал санаттағы 5-11-сынып оқушылары үшін мектептерде тегін ыстық тамаққа қаржы қарастыру мүмкін болмай тұр.
2025 жылғы 8 мамырдағы №320 қаулы арқылы Үкіметтің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына өзгерістер енгізіліп, мәтіндегі «мемлекеттік білім беру ұйымдары» деген сөз тіркесі «білім беру ұйымдары» деп ауыстырылды. Осыған орай, аталған әлеуметтік көмектерді меншік нысанына қарамастан білім беру ұйымдарының 5-11-сынып оқушылары үшін мектептерде тегін ыстық тамаққа қаржы қарастыруға құқықтық негіз пайда болды. Және де 2025 жылғы 15 сәуірдегі №183-VIII ҚР заңымен қабылданып, 2025 жылғы 16 маусымнан бастап қолданысқа енгізілген «Білім туралы» заңның жаңа редакциясының 4-бабы 21-тармағына сәйкес, білім алушылардың құқықтары меншік нысанына қарамастан тең дәрежеде қамтамасыз етуге ықпалын тигізіп отыр.
Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету шарасы жекеменшік мектептерде оқитын, әлеуметтік осал санаттағы 5-11-сынып оқушыларын да қамтамасыз етуге және жоғарыда аталған нормативтік өзгерістер арқылы жекеменшік мектептегі әлеуметтік осал санаттағы 5-11-сынып оқушылары үшін арналған тегін ыстық тамақты ұйымдастыру үшін қаржы болу механизмін құруға ықпал етуіңізді сұраймыз. Білім беру ұйымының меншік нысанына қарамастан барлық оқушы әлеуметтік қолдау шараларымен теңдей қамтамасыз етілуі қажет», делінген хатта.
Өз кезегінде Шымкент қалалық білім басқармасының жауапты өкілдері Президенттің 2022 жылғы 26 қарашадағы №2 Жарлығына сәйкес, 1-4-сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту тапсырмасы барлық мектепте, соның ішінде жекеменшік білім беру ұйымдарында да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқанын жеткізді. Олардың айтуынша, жекеменшік мектептерде оқитын 1-4-сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі Шымкент қаласында 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді. Бұл ретте қаржы тікелей жекеменшік мектепке аударылмайды, баланың заңды өкілі – ата-анасының немесе олардың орнын басатын тұлғаның шотына аударылады. Бұл бюджеттік қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған заңды тәртіп.
Сонымен қатар білім басқармасы жан басына қаржыландыру бойынша бөлінетін ақша неге жекеменшік мектептерге дер кезінде түспейді деген сауалға жауап берді. Басқарма өкілдерінің мәлімдеуінше, 2025 жылға жоспарланған және қаралған қаржы көлемі Қаржы орталығымен түзілген келісімшарт негізінде толық көлемде аударылды. Алайда мамыр айында өткен мәслихат сессиясында тиісті бюджеттік өтінім ұсынылғанымен мәселе оң шешімін таппағандықтан кейбір қаражат дер кезінде төленбеді. Осыған байланысты өтінім тамыз айында өтетін мәслихат сессиясына қайта ұсынылады.
Қаланың орта білім ошақтарында неге оқулық жетіспеушілігі орын алып жатыр деген сауал төңірегінде де жауапты тұлғалар арнайы мәлімдеме жасады.
«Шымкент қаласындағы мемлекеттік мектептерде оқулық жетіспеушілігі мәселесі жоқ екенін мәлімдейміз. Сонымен қатар жаңа оқу жылына қажетті оқулықтар мен оқу әдебиеттеріне жан-жақты талдау жүргізіліп, жаңартылған білім беру бағдарламасына сай оқулықтарға тапсырыс берілген. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізіліп жатыр. Сатып алынған оқулықтар 2025 жылдың 20 тамызына дейін білім беру ұйымдарына толық жеткізіледі», деді білім басқармасының мамандары.
Мегаполисте білім басқармасына қарасты 162 мемлекеттік және 128 жекеменшік мектеп бар.
«Бұған дейін де Шымкенттегі қоғамдық кеңес мүшелерімен, қалалық мәслихаттың депутаттарымен кездескенімде жекеменшік білім беру ұйымдарындағы қаржыландыру мәселесі айтылған еді. Сондықтан осы мәселеге терең үңілу мақсатында тиісті азаматтармен арнайы жүздесудің сәті туындады. Себебі мегаполисте білім ошақтарының саны артып келеді. Оның ішінде жекеменшік мектептердің алар үлесі аз емес. Оқулықпен қамтамасыз ету де мәселе болып тұр. Оқу бағдарламалары ауысқан сайын кітаптар өзгереді. Сол кезде қайтадан жаңа оқулық сатып алу қажет болады. Бұл жекеменшік мектептердің бюджетіне қосымша салмақ. Конституция бойынша барлық оқушының құқығы бірдей. Сондықтан жекеменшік пен мемлекеттік мектептің арасын бөлетін нормаларды алып тастадық. Ол – оқулық пен ыстық тамаққа қатысты ережелер. Шымкенттегі жекеменшік мектептерді қаржыландыруға қомақты қаражат керек. Ертең республикалық бюджет нақтыланғанда біз осы мәселені көтереміз. Білім ошақтарына жыл сайын жөндеу жұмыстарына, басқасына қаражат бөлінеді. Оқулықтарды сатып алу мәселесін зерттеп көру үшін экономика басқармасы мектептердің қаржысын нақты талдап шығу қажет. Қаланың білім саласын қаржыландыру жергілікті бюджетке берілмекші, меніңше, бұл жергілікті қазынаға ауыр салмақ салады. Жалпы, үш ауысымда оқытатын, апатты мектептердің проблемасы осы жекеменшік білім беру ұйымдары арқылы шешілді. Ендігі кезекте осы салаға байланысты ұсыныс, мәселе болса тыңдап, өз құзыреттілігім шеңберінде шешуге дайынмын», деді сенатор А.Қапбарова.
Жиын барысында білім беру саласындағы кәсіпкерлер өздерін толғандырған басқа да мәселелерді көтеріп, сұрақтарына тиісті жауаптар алды. Мәселен, білім беру ұйымдарының басшылары сенатордан білім саласына қатысты қабылданған заңнамалық талаптар соңғы өзгерістерді ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың жекеменшік мектепте оқып жатқан балаларына «Жалпыға бірдей білім беру қоры» арқылы мектеп формасы мен кеңсе тауарларын бір реттік көмек ретінде үлестіретін алгоритмді бекітуге жәрдем беруін өтінді.
Кездесуде білім саласындағы қаржы мәселесіне қатысты сауалдарға Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өкілі жауап берді. Ал Сенат депутаты А.Қапбарова жиында айтылған барлық мәселе мен ұсыныстарды Парламентте көтеріп, талқылауға ұсынатынын мәлімдеді.
ШЫМКЕНТ