• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 09:40

Қайтарылған активтер халық игілігіне жарап жатыр

20 рет
көрсетілді

Президент бұлжымас заңдай ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты елге біраз шапағатын тигізе бастады. Әсіресе байыған үстіне байи түскен олигаполиямен күрес шаралары айтарлықтай нәтиже көрсетіп келеді.

Мемлекет байлығын майшелпекке айналдырып алған­дар халықтың қазынасы болуға тиіс қаражаттарды «қоржы­нына» салып, шетел асыр­ғанымен, жымысқы жолмен иеленген дүние-мүліктерін жа­сырып-жапқанымен тиісті органдар заңсыз табыс ие­лерін тәубесіне түсіріп жатыр. Мемлекеттің меншігіне қайтарылған активтердің алды бүгінде әлеуметтік маңызы бар нысандарға айналып үлгерді.

Заңсыз шығарылған актив­терді қайтару бүгінде Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызметтің негізгі міндеттерінің біріне айналған.

Оның үстіне бұл бағыттағы мылтықсыз майдан Мемлекет басшысының «follow the money» қағидасы бойынша берілген тапсырмаларын іске асыру аясында жүргізіліп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының көмекшісі әрі агенттіктің ресми өкілі Данияр Бигайдаровтың айтуынша, бұл жұмыстар қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға бағытталған сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясының маңызды бөлігі саналады.

– 2022 жылдан бастап қазірге дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жалпы сомасы 1,15 трлн теңгеден аса көлемдегі мүлік активтер мен қаржыны қайтаруды қамтамасыз етті. Оның ішін­де 329 млрд теңгеден аса сома тіке­лей ақша қаражаты ретінде бюджетке қайтарылды. Атқарылған жұмыс­тар бірқатар жоғары дауазымды тұлға­лар­ға, олигополия субъектілеріне және өзге де шенеуніктерге қатысты қылмыс­тық істердің нәтижелері екенін айта кет­кен жөн. Қайтарылған активтер қата­рына бизнес-орталықтар, әкімшілік ғима­раттар, сауда орындары, тұрғын үйлер, пәтерлер, құрылысы толық аяқтал­ма­ған нысандар, жер учаскелері, люкс са­натындағы автокөліктер және қаржы­лық қаражаттар кіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет арқылы қайтарылатын барлық актив тек мемлекет мүддесіне бағытталмақ, – дейді Д.Бигайдаров.

Елдің игілігіне жарай бастаған нысан­дарға тоқталсақ. Мәселен, Алматы қаласындағы «Maisat» бизнес-орталығы еліміздің «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ меншігіне берілді. Ал құны 7,9 млрд теңгеден асатын «KaisarTower» бизнес-орталығы Қазақ ұлт­тық қыздар педагогикалық универси­тетіне тапсырылып, болашақ ұстаздардың қажетіне жарап отыр.

Сондай-ақ құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сының балансына өткізіліп, өнер оқыту ордасының да тынысы ашыла түсті.

Астана қаласында да мұндай жұмыс­тар қарқын алған. Құны 5 млрд теңгеден асатын үш жеке тұрғын үй Астана қаласы әкімдігінің мүгедектігі бар балаларға арналған №1 «Психологиялық-педаго­гикалық түзету кабинеті» КММ-не берілді. Аталған кабинеттің әдіскері әрі педагог-психологі Бақытгүл Елубаеваның айтуын­ша, бұған дейін қатардағы қарапайым ғимаратқа қоныстанып, әупіріммен амалдап келген түзету орталығының қызметін алушылардың кезегі мәселесі де шешімін тауып отыр.

– Бұл орталық – Астана қаласы бойынша ең алғаш ашылған түзеу кабинеттерінің бірі. Осы ғимаратқа көшкелі мұнда балалармен жұмыс істеу өте жайлы әрі ыңғайлы бола түсті. Айналасы да ағаштармен қоршалып, әсем табиғат пен таза ауаның да әсері керемет. Бастысы, кең ғимаратта балалардың тиісті көмегін дұрыс алып, бейімделуіне барлық жағдай қарастырылған. Техникалық және дидактикалық материалдарымыз да жеткілікті. Кабинеттер саны да көп. Біздің мамандарға да осы жерде жұмыс істеген ұнап отыр. Биыл біз 200-ден аса бала қабылдадық. Оларға 8 бағыт бойынша педагогикалық-психологиялық қолдау қызметін көрсетеміз. Кейінгі жылдары кабинетке деген кезек те көбейіп кеткен еді. Біздің осы кең сарайдай ғимаратқа көшкеніміздің де пайдасы тиіп жатыр, яғни біз енді бұрынғыдан көбірек бала қабылдайтын мүмкіндіктерге қолымыз жетіп отыр. Кезектегі балалар саны да азайды, – дейді Б.Елубаева.

Сонымен қатар агенттік берген мәліметке сүйенсек, Білім инфра­құры­лы­мын қолдау қорының жұмысы да бақылауда тұр екен. Оның арнайы шотына 153,3 млрд теңге (немесе 329 млн доллар) қаржы аударылған. Қордың қаражаты есебінен барлығы 100 мың оқушыға есептелген 89 мектептің құрылысы қаржыландырылған. Оның ішінде 61 мектеп пайдалануға беріліп қойған, жыл соңына дейін тағы 28 жаңа мектеп салу жоспарланыпты.

Қайтарылған активтердің қатарында әкімшілік ғимараттар, бизнес орталық­тары, коммерциялық нысандар, аяқталма­ған құрылыстар, эксклюзивті зергерлік бұйым­дар, жер учаскелері, люкс үйлер, пә­терлер және автокөліктер, компания­лардағы акциялар мен қатысу үлестері, теміржол жолдары және шетелден қайта­рылған ақшалай қаражаттар бар. Актив­тердің едәуір бөлігі шетелден қайтарыл­ған. Мұндай активтердің жалпы құны 670 млн доллардан асады (шамамен 300 млрд теңге). Атап айтқанда, Аустрия­дан 82 млн, Лихтенштейннен 260 млн-нан астам, Біріккен Араб Әмір­лік­терінен 14 млн, Түркиядан 13,9 млн доллар қайтарылған.

Жалпы, қайтарылған активтер «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-на беріледі. Аталған компанияға қазірдің өзінде Астана мен Алматы қалаларындағы жылжымайтын мүлік нысандары, Ресей мен Франциядағы пәтерлер, Түркиядағы жылжымайтын мүлік тапсырылған. Осы ретте қаржыландырудың тағы бір көзі – «Арнайы мемлекеттік қордың» да бар екенін айта кеткен жөн. Ол мемлекет меншігіне қайтарылған мүліктің сатылымынан түскен қаражаттар мен басқа түсімдер есебінен толтырылып отырады.

Ал бұл активтерді іздеу, табу, қайтару жұмыстары да оңай іс емес. Шетелдік арналар мен күштік құрылымдардың да көмегіне жүгінуге тура келеді.

– Активтерді іздестіру қылмыстық істер фигуранттарының қаржылық ағымдары мен әл-ауқатын талдау арқылы жүргізіледі. Тексеру күдіктілерге ғана емес, олардың сенімді адамдарына, туыс­тарына және басқа тұлғаларға да қатысты қолданылады. Бұл бағыттағы жұмысты «Эгмонт» тобының бейресми байланыс арналары, үкіметаралық еуропалық Carin, Азия-Тынық мұхиты елдері арасындағы активтерді қайтару бағытындағы Arin-Ар, БҰҰ-ның қолдауымен жұмыс істейтін саяси жемқорлықпен күрес және активтерді қайтаруға көмектесетін GlobE Network сияқты жаһандық желілер пайдаланылады. Олар шетелдік әріптестермен ақпарат алмасу уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Интерпол мүмкіндіктері мен халықаралық құқықтық көмек көрсетуге арналған ресми тергеу тапсырмалары да кеңінен қолданылып келеді, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Д.Бигайдаров.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында активтерді қайтару және келтірілген залалды өтеу бағытындағы жұмысты жалғастырып келеді. Жуырда ғана кезінде қыруар қаражат жымқырып, із суытып үлгеріп, 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген және ақшаны заңдастыруға қатысы бар деген күдікке ілінген азаматтың ақшалай қаражаты мен мүліктік активтерінің қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденді. Ол жылжымалы және жылжымайтын мүліктің қымбат нысандарын, оның ішінде жұбайының атына ресімделген нысандарды сатып алу үшін шамамен 1,5 млрд теңге заңға қайшы ақшаны пайдаланған. Олар сөйтіп, Алматы қаласы мен Алматы облысында люкс автомобиль, пәтер, жер учаскелері, тұрғын үйлер мен құрылыс нысандарын меншіктеген. Өткен айда сот қаулысымен аталған азаматтан алынған ақшалай қаражат пен мүліктік объектілер мемлекет кірісіне тәркіленді.

Жалпы, жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) фактілері бойынша отызға жуық қыл­мыстық істі тергеуді бастады. Істің бір бөлігі сотқа жіберіліп, айыптау үкімі шығарылды.