• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Еңбек Бүгін, 08:20

Ісмер әже

60 рет
көрсетілді

Ұлытау облысының тарихи-археоло­гия­лық музейі қорында қасқыр терісінен тігілген ішік бар. Музей басшысы Зағира Калменова: «Өткен жылы Астана қала­сында V Дүниежүзілік көш­пе­лілер ойындары аясында өткен көр­мені шетелден келген қонақ­тар тамашалады. Сонда мей­мандар 90 жастағы Орын­ба­сар Мырзабаева әженің қолы­нан шыққан қасқыр ішікке қызы­ғушылық танытып, сапасына жоғары баға берді. Бұл – әжейдің жарына тіккен ішігі», дейді.

Осы ішікті тіккен Орынба­сар әжемен сыр­ласудың реті келді. «Жасым тоқсаннан асты. Күйеуім қасқыр аулап, терісін әкеп беретін еді. Ер адам табыс табады, үйдегі әйел ұқсатуы керек. Содан жарыма осы қасқыр ішікті тігіп бердім. Өкінішке қарай, отбасымның тірегі 1972 жылы қайтыс болды. Әлі іс тігемін. Қызым кейде жаны ашып, іс машинамды «бұзып» тастайды», деп өткен өмірінен қызық жайларды тілге тиек етті кейуана .

Ол бала кезінде әжесінің қолында тәрбиеленіп, ер бала сияқты еркін өседі. Тіпті шашын тақырлап алып, ұлдың киімін киеді. Мектепте оқып жүргенде жасаған тентектігі үшін бұрышқа тұрғызған мұғалімімен «ұстасып» қала­ды. Содан мұғалімге ерегісіп сабаққа бармайды. Үйдің іші де «Мұның қалай?» деп ұрыса қоймайды. Мұғалім үйге келіп, әке-шешесіне «Балаңыз сабаққа келмей жүр», деп ескертсе де, бала Орынбасар «оқымаймын» деп шорт кеседі. Сабаққа бармай қойған соң, әкесі 16 жасқа келгенде қызын Жездідегі тігін цехына жұмысқа орналастырады. Ол кезде цехта қазақ жоқ, кілең неміс ұлтының өкілі жұмыс істепті. Тігінші болып жұмыс істеп жүргенде атақты геолог Қаныш Сәтбаев «Руда салатын қалта керек, жәшік жоқ», деген соң, дорба тігіп береді.

Жұмысын істеп жүріп, 18 жасында тұрмысқа шығады. Жолдасы дүкенші екен. Жас­тар­дың тұрған жерінде жұмыс бол­маған соң, Орынбасар «менің әкем» деп атап кеткен Қаныш Сәтбаевқа жұмыс сұрап барады. Қанекеңнің қамқорлығы­мен күйеуі Қумола деген елді мекенге дүкенші әрі шаруашы­лық басшысы болып жұмыс іс­тейді. Бір күні «Қаныш Сәтбаев Қумолаға келейін деп жатыр, соған тамақ пісіріп беретін адам керек» дегенді естіп, өзі сұра­нып, қонақ күтудің қамына кірі­се­ді. Қой сойдырады. Қасындағы ­­­5-6 геологімен Қаныш Сәтбаев­­қа табақ тартып, қаймақ қос­қан күрең шай береді. Демалсын ­деп ағаш үйге апарып, құс төсе­гін салады. Ертеңінде қазақ­тың қарын­бүрме деген тамағын істеп, күтеді. Кетерінде риза болған ғұлама ғалым маңдайынан сүйіп, ақ батасын береді.

Тігіншіліктен қол үзбей, 1989 жылы зейнеткерлікке шыға­ды. Он бала тәрбиелеп өсіреді. Әжейдің ине-жібі қолынан әлі түскен жоқ. Жергілікті тұрғындар тапсырыс береді.

 

Ұлытау облысы