Астанада балаларға арналған ваучерлік қаржыландыру жүйесін әділ әрі ашық жүргізуге бағытталған QOSYMSHA.KZ жаңа цифрлық платформасын енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды, деп жазады Egemen.kz.
QOSYMSHA.KZ - мемлекет есебінен үйірмелерге, спорт секцияларына және шығармашылық студияларға тегін қатысуға мүмкіндік беретін бұрынғы жүйенінің жаңарған нұсқасы.
2021 жылдан бері Қазақстанда қосымша білім беруге арналған ваучерлік қаржыландыру жүйесі іске қосылған. Жүйе арқылы мемлекет әр баланың бір үйірмеге қатысуына қаржы бөледі. Ал ата-ана баласының қызығушылығы мен бос уақытына сай бағытты өзі таңдайды.
Биыл елордалық 25 000-нан астам бала осы бағдарлама арқылы тегін қосымша білім алып жүр. Ел бойынша бұл көрсеткіш 500 000-нан астам баланы қамтиды. Десе де бұрынғы жүйе қолданылған тұста ата-аналар бірқатар кемшіліктердің барын жиі айтқан болатын.
Соның біріншісі, білім, спорт және мәдениет басқармаларының үш түрлі кезегі.
Екінші, «Тіркелгені өтеді» қағидасы. Мұнда әлеуметтік осал топ балалары қосымша білімнен тыс қалып, кей балалардың екі ваучер алғаны байқалған.
Қала әкімдігі аталған олқылықтарды жою үшін E-ORDA инфрақұрылымына негізделген QOSYMSHA.KZ мемлекеттік цифрлық жүйесін енгізді.
QOSYMSHA.KZ жаңалығы – әлеуметтік жіктеу
Қала әкімдігінің хабарлауынша, енді өтінім беру, ваучер бөлу және қатысуды бақылау бір терезе қағидатымен жүзеге асады.
Жүйенің басты жаңалығы әлеуметтік жіктеудің енгізілуі. Өтінімдер енді берілген уақытына емес, баланың әлеуметтік мәртебесіне қарай сұрыпталады.
12 санат бекітілген, әрқайсына бөлек коэффициент белгіленген: • Ерекше білімді қажет ететін балалар – коэффициент 5; • АӘК алатын отбасылардағы, мүгедектігі бар ата-анасы бар, жетім балалар – коэффициент 3-4; • Көпбалалы отбасындағы балалар – коэффициент 2; • 4-18 жас аралығындағы басқа балалар – коэффициент 1.
Осылайша, көпбалалы немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы бала өтінімді кейінірек берген күннің өзінде, жалпы тізімде өзгелермен салыстырғанда жоғары орынға көтеріледі. Бұл «кім бірінші батырманы басса – соған беріледі» деген жарысты болдырмай, тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, енді ваучер нақты бір үйірмеге емес, тікелей балаға беріледі. Мұнда ата-аналар ваучер алған соң үйірмені бала жасына, қызығушылығына және кестесіне сай еркін таңдай алады.
QOSYMSHA.KZ-ке тіркелу қажет пе?
Тегін қосымша білім беру құқығын пайдалану үшін QOSYMSHA.KZ сайтына тіркелу міндетті. Жүйеде ата-ана мен баланың ЖСН-ін көрсету, деректердің дұрыстығын растау керек.
Мемлекеттік қаржыландыруды жалғастыру үшін ай сайын Жеке кабинетке кіріп, баланың үйірмеге қатысуын растау да маңызды.
Егер бала қазірдің өзінде қандай да бір үйірмеге барып жүрсе, сол ұйымға барып, оның деректерін жүйеге енгізуді сұрау қажет.
Айта кетейік, өтінімді тек Астана қаласында тіркелген (тұрақты немесе уақытша) отбасылар ғана бере алады.