Алматының сәні мен мақтанышы болған Шымбұлақта бүгін 130-дай адам EcoDay атты экологиялық сенбілікке құлшына қатысты, деп жазады Egemen.kz.
Акция барысында Шымбұлақтан бастап тауда қайтыс болған альпинистер мемориалына дейінгі жолдан жарты тоннаға жуық қоқысты (491 кг) жинап шықты. Оның 198 келісі қайта өңдеуге жіберіліп, қалғаны тиісінше кәдеге жаратылды.
Бұл бастама Шымбұлақтың табиғатты аялау мәдениеті мен тұрақты дамытуға бағытталған экологиялық жобалар легіне жатады. Акцияға Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінің, «Медеу» Мемлекеттік өңірлік табиғи паркі мемлекеттік мекемесі, Алматы қаласы туризм басқармасы, Алматы қаласының альпинизм федерациясының өкілдері, сондай-ақ Wildnature.volunteers, Recycle Birge, Hello Eco еріктілері және Алматы қаласының белсенді тұрғындары қосылды.
Қатысушылар қоқысты жинап қана қоймай, оны мұқият сұрыптап, қайта өңделетінін (пластикалық және шыны бөтелкелер, қаңылтыр банкалар) өңделмейтін қалдықтардан бөлінді. Барлық жиналған қоқыс еріктілердің күшімен Шымбұлақ аумағына жеткізілді, ал қайта кәдеге жарайтын қалдықтар Recycle Birge қолдауымен мамандандырылған кәсіпорындарға шығарылды.
Сенбілік кезінде табылған ең таңғажайып олжа - 17 жыл бойы тауда жатқан шырынның қаңылтыр банкілері еді.
Айтқандвй, қайта өңделген пластик бөтелкелерден шаңғы тіреуіштері де жасалады.
"Шымбұлақ" курорты қолға алған бірегей бастама жаздың соңына дейін жалғасады десек, курорт қонақтары Recycle Birge экоакциялары аясынла пластикті қалдықтарды тапсыра алады. Бұл пластик пайдалы инфрақұрылымға - шаңғы мен сноубордтарды сақтауға арналған сөрелерге қайта өңделмек.
Шымбұлақта алдағы уақытта да мұндай акциялар тұрақты түрде өтеді. Осы орайда экологиялық ұйымдармен, табиғи парктермен, еріктілер қауымдастықтарымен ынтымақтастықты нығайту жоспарланып отыр.
Келесі экологиялық шаралардан хабардар болу үшін shymbulak.com сайтындағы жаңалықтарды және курорттың әлеуметтік желілеріндегі жарияланымдарды бақылап отыруға болады.